19 ақп, 2026 сағат 20:43

Алматыда сенатордың үстінен іс қозғауды талап еткен құрылыс компаниясының басшысын полиция ұстады


ulysmedia.kz коллажы

Алматының трамплин кешенін салған құрылыс компаниясының басшысы Әбдіразақ Байболатов қалалық прокуратура ғимаратының алдында наразылық акциясын өткізді. Ол 15 жылдан бері берешегін ала алмай жүргінін айтып, қозғалған қылмыстық істің қайта ашылуын талап етті. Бірақ прокуратура оның шағымын тыңдағанның орнына, «заңсыз митинг өткіздің» деп полиция шақырды, деп хабарлайды Ulysmedia-ке сілтеме жасап Ult.kz.

Сағызша созылған іс


19 ақпанда Алматы прокуратурасы алдына қаладағы трамплин кешенін салған «Толқұрылыс» ЖШС директоры Әбдіразақ Байболов пен «Сана ТВ» ЖШС басшысы Александр Веденко барды. Олар 15 жылдан бері құрылысқа қатысты берешегін ала алмай жүргендерін айтып, наразылық акциясын өткізді.


Әбдіразақ Байболов ұзақ жылдан бері қаржы дауына байланысты қылмыстық іс «сағызша созылып» келе жатқанын айтты. Оның сөзінше, қалалық прокуратура осы күнге дейін мардымды жауап бермей келеді. Ол істің «сиырқұймышақтанып» кеткеніне сенатор Сұлтанбек Макежановты айыптай сөйледі. Байболов «сенатор істің жүруіне кедергі жасап отыр» деді. Макежанов тарамплин салынған уақытта Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбектің орынбасары болған.


«Біз қазір не себепті Алматы қалалық прокуратурасының алдына келіп тұрмыз? Себебі олар қылмыстық істің жүруіне кедергі келтіріп отыр. Бізде бірнеше рет халықаралық шаңғы трамплиніне байланысты әкімдік қызметкерлерінің үстінен қылмыстық іс ашылған. Ол істердің жойылғаны туралы антикордан біз хат та алғанбыз. Осыден кейін, 2024 жылы жаңадан қылмыстық іс қозғаған. Аудиттік дәлелдер, мемлекеттік аудиттік дәлелер, полицияның тергеу департаментінің дәлелі бар деген. Антикорға беру үшін біз прокурор Карипбековтың қабылауында болғанбыз. Қылмыстық іс ашу керек дегенбіз. Олар ашамыз деп уәде берген. «Сараптама қорытындысын күтейік, сосын қылмыстық іс ашамыз» деді. Алматы қалалық прокуратурасының оңтүстік-шығыс аймағының өтініші бойынша мемлекеттік сараптамаға теріс шешім берді», – деді ол.


Байболов Жамбыл облысына барып, қайтадан сараптама жасатқан. Сараптама трамплин құрылысынан қаржы жымқырылды деген қорытынды шығарып берді дейді ол.


«Біз қарсы шыққаннан кейін, олар бізді «қайталап комиссиялық сараптама жасатыңдар» деді. Олар Талдықорғанға жібермек болды. Бірақ біз оған да қарсы болдық. Қостанайға немесе Атырауға жіберу керектігін айттық. Неге? Себебі біз Алматының құқық қорғау органдарына сенбейміз. Олар барлық құжаттар бола тұра теріс шешім шығарды. Осыған қарамастан, қорытынды комиссиялық сараптаманы Жамбыл облысының институты жасады. Дәл осындай оңтүстік-шығыс аймағы бойынша. Алматы қаласы жасаған сараптама негізінде жасалды. Жүз пайыз дәлелдер берді. 1 миллиард 700 миллион теңге қаржы ешқандай келісімшартсыз, мақсатсыз жұмсалғанын дәлелдеді», – деді Әбдіразақ Байболов.


Ол «тергеу енді бұл іс азаматтық құқықтық қатынастар бойынша шешілуі тиіс деп отыр» дейді. Әбдіразақ Байболов бұнымен келіспейді.


«Біздің талабымыз – қылмыстық іс қозғалуы керек. Ол сенат депутаты ма, басқа ма бәрібір», – деді ол.


Әбдіразақ Байболов наразылық акциясын өткізіп жатқан уақытта қалалық прокуратура ғимаратынан полиция қызметкері шығып, оған ескерту жасады. Кейіннен іштен өзін таныстырмаған ер адам шығып, ішке кіруді сұрады. Байболов прокуратура өкілдерін шақыруды сұрады. Бірақ қалалық прокуратура полиция шақырып, «заңсыз минтинг өткіздіңіз» деп Байболовтың өзін кінәлады. Оны Бостандық аудандық полиция бөліміне алып кетті.


Кезекші прокурор не деді?


Ғимараттың кіре берісінде тұрған кезекші прокурор Әлихан Тұрғанқұлов Ulysmedia тілшісіне ешқандай пікір бере алмайтынын айтты.


«Ол істі мен қадағаламаймын. Ол іс бойынша ешқандай мәлімет бере алмаймын. Ол менің құзырыма жатпайды», – деді ол.


Әлихан Тұрғанқұлов прокуратураның лауазымды өкілдері не себепті шықпады? деген сұраққа:


«Естіді, айттық, звондадық, хабарладық. Күте тұрамыз. Мен қайдан білемін. Мүмкін жиналысқа кіріп кеткен шығар. Мүмкін басқа істермен айналысып жатқан шығар. Тез арада келуге мүмкіншілік жоқ. Сол себепті күтеміз», – деді кезекші прокурор.


«Әбдіразақ Байболовты полиция алып кетті. Енді олар кімнің алдына шығады?» деген Ulysmedia тілшісінің сұрағына Әлихан Тұрғанқұлов «Басқа жауап бере алмаймын» деп қысқа қайырды.


Іссапарда жүрген сенатор


Ulysmedia сенатор Сұлтанбек Макеженовпен де сөйлесуге тырысты. Көмекшісі оның қазір іссапарда екенін, телефонын бере алмайтынын айтты. Сөзінше, сенатор іссапардан тек 4-5 наурызда келеді.


Контекст


Алматыдағы халықаралық шаңғымен секіру трамплині 2010 жылы қыркүйекте ашылған. Ол 2011 жылы өткен қысқы Азия ойындары үшін арнайы салынған. Кешенде бес трамплин, бассейін және ірі спорт ғимараты бар. Әуелде кешенді салуға спорт комитеті тапсырыс берген. Бірақ ол кейін Алматы әкімдігіне өткен. Трамплинді салған компания қаражатты уақытында алмағандықтан 2014 жылы қарыздардың кесірінен жұмысы тоқтап қалған. 2021 жылы Алматы қаласының еңбек инспекциясы істі шешуге компанияның статусы кедергі деген. Олар «Трамплинді салған компаниялар банкрот та емес, жұмыс істеп те тұрған жоқ. Егер оларда екі статустың бірі болса, заң шеңберінде жұмыс істер едік» деген. Трамплин 20 миллиард теңгеден астам қаржыға салынған.