02 нау, 2026 сағат 17:16

Алматыда сталкинг өршіп тұр: 11 іс қозғалып, 6-уы сотқа жетті


Фото: nemolchi.uz


Алматыда азаматтарды жүйелі түрде қудалау деректері көбейіп келеді. Қалада сталкинг бойынша 11 қылмыстық іс тіркеліп, оның алтауы сот қарауына жолданған. Бұл мәлімет «STOP СТАЛКИНГ» форумы барысында жария етілді, деп хабарлайды Ult.kz.


Жиында Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексі 115/1-бабы кеңінен түсіндірілді. Аталған бап азаматты өз еркінен тыс қудалау, үрейде ұстау, үйінің маңын аңду, қайта-қайта байланысқа шығуға тырысу сияқты әрекеттер үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырады.


Заңға сәйкес, құқық бұзушы 50 тәулікке дейін қамауға алынуы, 800 мың теңгеге дейін айыппұл төлеуі немесе 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмысқа тартылуы мүмкін.


Мамандардың айтуынша, сталкинг әрекеттері көбіне «махаббат» немесе «сезім» деген желеумен жасалады. Алайда жәбірленушінің келісімінсіз жасалған кез келген жүйелі әрекет заң алдында жауапкершілікке әкеледі.

Алматы қалалық полиция департаменті Қоғамдық қауіпсіздік басқармасы басшысының орынбасары Айтан Елеусізов жәбірленушімен оның еркінсіз байланыс орнату, соңынан аңду, түрлі әрекеттер арқылы мазалау – сталкингке жататынын атап өтті. Оның сөзінше, жәбірленушілердің басым бөлігі – әйелдер.


Ал Профилактикалық жұмысты үйлестіру басқармасының бөлім бастығы Дәурен Майлықбаев жеке кеңістік мәселесі қоғамда әлі де толық түсінілмей отырғанын айтты. «Көпшілік мұны сезіммен шатастырады. Бірақ заңда нақты жауапкершілік көзделген», – деді ол.


Мамандар азаматтарды өз құқықтарын білуге және қудалау фактілері туындаған жағдайда дереу құқық қорғау органдарына жүгінуге шақырды.