19 қыр, 2023 сағат 15:42

Алматыда тамақ жеткізуші жігіт үй иесіне пышақ ала жүгірді


Әлеуметтік желіде тамақ жеткізуші жігіт пен үй иесінің арасындағы жанжалдың видеосы тарады. Алматы қаласының полициясы оқиға қатысты қылмыстық іс қозғады.

Видеода мопед каскасын киген жігіт пышақ ұстап, кілтті қайтаруды талап етіп жатыр. Үйдің иесі одан кетпенмен қорғанып жүргенін байқауға болады. Аулаға кіремін дегенде оны ары қарай итеріп жібереді. Бірақ тамақ жеткізуші жігіт кетпенді ұстап алады. Пышағын да сермеп үлгереді. Артынан аулаға кіріп, кілтін алып кеткен.

Алматы қалалық полиция департаменті бұл оқиғаның Бостандық ауданында болғанын хабарлады.

Қазіргі кезде Қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-тармағы (Бұзақылық, суық қаруды қолдануға тырысып жасалған әрекет) бойынша сотқа дейінгі тергеу шаралары басталған.

"Осы қылмысты жасады деген күдікпен 1992 жылы туған ер адам ұсталды. Пышақ тәркіленіп, қылмыстық іс материалдарына тіркелді. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр", - дейді полицейлер.

Айта кетері, бұл қылмыс үшін үш жылдан жетi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеу не сол мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.