29 сәу, 2026 сағат 15:33

Астанада есірткі саудасының 500-ден астам сайты бұғатталды

Фото: 7kun.kz

Астанада «Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру аясында нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша ведомствоаралық штаб отырысы өтті. Жиынға қала әкімінің орынбасары Ерік Мейірхан төрағалық етті, деп хабарлайды Ult.kz Kazinform-ға  сілтеме жасап.

Кездесуде жылдың бірінші тоқсанындағы жұмыс қорытындылары қаралып, алдағы кезеңге арналған міндеттер айқындалды. Негізгі назар атқарушылық тәртіпті күшейту мен онлайн есірткі саудасын тоқтатуға аударылды.

Мамандардың айтуынша, қазіргі таңда есірткі қылмысының басым бөлігі интернет арқылы жүзеге асады. Осыған байланысты онлайн-арналарды бұғаттау басты басымдыққа айналған.

Астана қаласы Полиция департаментінің мәліметінше, 562 есірткі сайты бұғаттауға жіберілген, 378 күмәнді банк картасының жұмысы тоқтатылған. Сондай-ақ 369 құқық бұзушылық анықталып, оның 125-і есірткі сату фактісі ретінде тіркелген.

Заңсыз айналымнан 45 келіден астам есірткі тәркіленді, оның ішінде 15 келіге жуық синтетикалық заттар бар. Бұдан бөлек, есірткіні жарнамалауға қатысты 4 қылмыстық іс қозғалып, 75-тен астам есірткі граффитиі жойылды.

Сондай-ақ «күлдіргіш газды» заңсыз қолдануға байланысты 20 қылмыстық іс тіркеліп, 70-тен астам баллон тәркіленді.

Штаб отырысында жастар арасында профилактикалық жұмысты күшейту қажеттігі ерекше атап өтілді. Әсіресе жазғы демалыс кезеңінде спорттық және киберспорттық іс-шаралар арқылы кең ауқымды ақпараттық акциялар өткізілмек.

Сонымен қатар есірткіге қарсы күресте IT-технологияларды дамыту, күмәнді әрекеттерді анықтау жүйелерін жетілдіру ұсынылды. Қоғамдық көлік жүргізушілерін жүйелі тексеру және жастарды еңбек пен қоғамдық жұмыстарға тарту мәселелері де қаралды.

Айта кетейік, бұған дейін Павлодарда ірі есірткі арнасы жойылған болатын.