28 жел, 2021 сағат 21:16

Алматыда Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай қаламгерлердің кітаптары таныстырылды


Мегаполис әкімі Бақытжан Сағынтаев Жазушылар Одағының Алматыда тұратын 136 мүшесінің, соның ішінде Тәуелсіздіктің 30 құрдасының кітабының тұсаукесеріне қатысты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қалам шеберлері мен жас жазушылардың еңбектерін басып шығару шығармашыл зиялы қауымды қолдау аясында қазақ әдебиетінің дамуына қосылған ерекше үлес болып табылады.

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу аясында Алматыда тұратын 136 автордың, Жазушылар одағы мүшелерінің кітаптары басып шығарылды. Жазушылардың, соның ішінде Тәуелсіздіктің 30 құрдасының әдеби шығармалары 102 мың данамен жарық көрді.


Қала әкімі Бақытжан Сағынтаев қаламгерлерді кезекті басылыммен құттықтап, олардың Тәуелсіздіктің қалыптасу тарихын ұғынудағы және өскелең ұрпақты тәрбиелеудегі маңызды рөлін атап өтті.

Айта кетейік, 2020 жылы қазақ әдебиетінде ерекше орын алатын 30 автордың шығармалары жарық көрді. 64 мың дана таралыммен жарық көрген бұл еңбектердің ішінде Әнуар Әлімжанов, Қабдеш Жұмаділов, Қажытай Ілиясов, Жаркен Бөдеш сынды классиктердің кітаптары да бар.


Алматы әкімдігінің қолдауымен жарық көрген барлық кітаптар қалалық кітапханалардың қорын толықтырады.

Іс-шара барысында қазақ ақын-классиктерінің 24 кітап-альбомының тұсаукесері өтті.