30 мам, 2023 сағат 18:14

Алматыда "жоқ адамдарды" жұмысқа алған аурухананың бас дәрігеріне үкім шықты

© Photo: Daniel Bone 

Алматыда емхана қызметкерлеріне қатысты үкім шығарылды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz сайты.

Олар аса ірі мөлшерде бөтеннің мүлкін ұрлады деп айыпталды (Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлімі 2-тармағы).

Сот емхананың бас дәрігері бас бухгалтермен және кадрлар бөлімінің инспекторымен алдын ала келісіп, 7 жыл бойы, 2015 жылғы сәуір мен 2022 жылғы наурыз аралығында қылмыс жасағанын анықтады.

Олар шын мәнінде жұмыс істемейтін адамдарды жұмысқа алу туралы бұйрықтарды рәсімдеп, ай сайын ресми түрде жұмысшылардың шоттарына жалақы аударып отырған. Содан кейін оны өз қажеттіліктеріне жұмсаған. Барлығы 19 "адам" осылай рәсімделген.

Сот мәліметінше, емхана қызметкерлері заңсыз әрекеттерімен мемлекетке 79 миллион теңгеден аса шығын келтірген.

Сот сотталушыларды кінәлі деп тапты. Бухгалтер мен кадрлар бөлімінің қызметкері шартты мерзімге сотталды.

Ал емхананың бас дәрігері мемлекеттік органдарда қызмет атқару құқығынан өмір бойына айырыла отырып, орташа қауіпсіз ҚАЖ мекемесінде жазасын өтей отырып, 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды.