Фото: Pixabay
Алматы қаласындағы №199 мамандандырылған гимназияда ұйымдастырылған мәдени іс-шара кезінде алты оқушы жасанды түтіннен зардап шекті, деп хабарлайды Ult.kz.
Қалалық білім басқармасының хабарлауынша, оқиға 9 ақпанда гимназияның акт залында болған. Шара барысында сахналық түтін шығаратын құрылғы пайдаланылып, одан кейін бірнеше баланың жағдайы нашарлаған. Оқушылар жөтеліп, көздерінен жас ағу белгілері байқалған.
Мектеп әкімшілігі дереу медицина қызметкерін шақырып, жедел жәрдем көмегіне жүгінген. 12 жастағы алты бала «жасанды тұманнан улану» диагнозымен Алматы қалалық балаларға шұғыл медициналық көмек көрсету орталығына жеткізілді. Дәрігерлер олардың жағдайын орташа ауыр, бірақ тұрақты деп бағалап отыр. Емдеу белгіленген хаттамаға сай жүргізілуде.
Оқиғаға байланысты қызметтік тексеріс басталып, түтін шығаратын құрылғыны қолдануға жол берген педагог тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Ұлттық сараптама орталығы ауа сынамаларын зерттеуге алды, нәтижесі кейін жарияланады.
Қазір гимназияда жаппай іс-шаралар кезінде қауіпсіздік талаптарын сақтау күшейтілді. Оқиға білім басқармасының бақылауында.
