19 шіл, 2023 сағат 14:36

Алматыдағы урбанистика басқармасының экс-басшысы ұсталды

Фото: © Sputnik / Абзал Калиев

Алматыдағы Қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасының экс-басшысы ұсталды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Антикор баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жемқорлық тәуекелдерін сыртқы талдау нәтижелері бойынша Алматы қаласының жер қатынастары саласындағы жүйелі жемқорлық фактілеріне қатысты қылмыстық істерді тіркеп, тергеп жатыр.

"Қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасының басшысы жер учаскелерін беру және объектілердің құрылысын келісу кезінде лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланды деген күдікке ілінді.

Мәселен, ол 2020-2023 жылдары жеке тұрғын үй құрылысына арналған жер учаскелерінде, нысаналы мақсатына қарамастан және құрылыстың тығыздығын ескермей, жекелеген құрылыс компанияларының мүддесі үшін 3 көппәтерлі тұрғын үй кешенінің құрылысын заңсыз келіскен. Нәтижесінде мемлекетке 307 млн теңгеден астам сомаға жер учаскелерінің төленбеген кадастрлық құны түрінде залал келтірілді.

Бұдан басқа, 2020 жылы медициналық орталық пен ХҚКО-ның құрылысын заңсыз келісе отырып (инвестициялық жобаларды іске асыру түрімен), мүдделі тұлғалардың жеке меншігіне жер учаскелерін төмен құны бойынша одан әрі негізсіз беруге ықпал етті. Шығын 180 млн теңгені құрады" - делінген хабарламада.

Соттың санкциясымен күдікті қамауға алынды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жалғасып жатыр. Басқа лауазымды адамдардың қатыстығы тексерілуде. 

Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес тергеу мүддесі үшін өзге де ақпарат жария етуге жатпайды. Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әрбір адам кінәсіз деп есептеледі.