19 сәу, 2026 сағат 12:59

Алматыдан келген “курьер”: Өскеменде есірткі таратқан желі әшкереленді


Фото: ШҚО Полиция департаменті


Шығыс Қазақстанда интернет арқылы басқарылатын есірткі саудасының кезекті тетігі анықталды. Алматыдан арнайы келген курьер Өскеменде қолға түсті, деп хабарлайды Ult.kz.


Шығыс Қазақстан облысының полицейлері психотроптық заттарды таратумен айналысқан интернет-дүкен курьерінің заңсыз қызметін тоқтатты.


Өскемен қаласы полиция басқармасының есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімінің қызметкерлері жалдамалы пәтерде тұрып, тыйым салынған заттарды таратқан 30 жастағы ер адамды ұстады.


Тінту барысында күдіктіден ұнтақ тәрізді заты бар 12 түйіншек пен ұялы телефон тәркіленді. Сонымен қатар пәтерді тексеру кезінде тағы бес телефон табылған. Сараптама нәтижесі тәркіленген заттың жалпы салмағы 20 грамнан асатын «а-PVP» психотроптық заты екенін көрсетті. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес бұл – ірі мөлшер.


Полиция мәліметінше, күдікті 2026 жылдың қаңтар айында Алматыда Telegram арқылы курьер-жасырушы ретінде жұмысқа орналасқан. Кейін куратордың тапсырмасымен Өскеменге келіп, пәтер жалдап, есірткі таратуды жалғастырған.


Қазіргі уақытта ол уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.