31 там, 2016 сағат 07:13

Амангелдінің ажалы

Осыдан бұрын жазылған «16-жылғы көтерілісітің бір анығы» атты мақаламның жалғасы

Халық  батыры Амангелді Иманов бастаған көтеріліс туралы әңгімелер бала кезімізден құлағымызға сіңісті болып өстік.

1958 жылы Торғайда Совет көшесінің орта тұсында, орталықта А.Имановтың музейі болған. Бұл үй 16- жылы Совдептің штабы, әрі Амангелдінің үйі болған. Саздан салынған, төбесі қамыспен жабылған, патша заманынан келе жатқан, үлкен биік үй еді. Ауласы кең, саздан соғылған дуалы бар еді. Орталық жақ бетінде қызыл кірпіштен қаланған  дүкен болды. Үлкен кісілер «татарлар салған дүкен» дейтін. Айтып отырған Амангелдінің мұражайында батырдың қылышы, ер тұрманы және винтовка тәрізді мылтықтар болған. Сондай ақ, Торғай поселкесінің (ол кезде «Торғай қаласы» атанатын) солтүстік батысына қарай орналасқан үлкен сай болды. Бұл сайды жұрт «партизандар сайы» деп атайтын. Ол кезде сайдың тереңдігі шамамен он метрдей болған. Түбі аққайран құм еді. Балалық шақтағы ойындарымыздың біразы осы сайда өтті.  Сол кезе ақ, «Амангелдінің сарбаздары осы жерде атылған» десетін ел.

Бұл трагедияның нақты қалай болғаны жөнінде әлі күнге дәлелді деректер жоқ. Ал, кейбір дерек көздері бойынша «Амангелді атылғаннан кейін, алғаш Алакөлде жерленіп, кейін аудан орталығына қайта жерленген» деседі. Торғайда «Партизандар сайы» мен Торғай өзенінің орта тұсында ескі екі қорым болды. Оның біреуінде орыстар (бұл қорымда Торғай уезінің алғашқы уез бастығы Яковлев жерленген), екіншісінде мұсылмандар жерленген. Оcы мұсылмандар қорымынан  50-жылдардың аяғында төрт құлақты саздан соғылған А.Имановтың бейітін көріп едім. 60- жылдың бас кезінде, екі ауданда совхоздар құрылған жылы А.Имановтың мұражайы  көрші Амангелді ауданына көшірілген еді. Батырдың тамыда сол кезде туған жеріне апарылған тәрізді.

Ұлт азаттық көтерілісіне 100-жыл толуына орай, осы жыл басында мен «16-жылғы көтерілістің бір анығы» атты мақала жазған едім. Ол мақалада мен тек 16-жылдың уақиғаларына, А.Иманов бастаған көтерілістің мән жайына ғана тоқталған едім. Онда көтерілісшілерге қарсы генерал Лаврентьевтің 3 мың жасағы Ырғыз, Бестау, Науырзым жолдарымен Торғайды қоршай бет алғаны айтылған. Губернатор Эверсманның  бұйрығымен генерал Лаврентьев бастаған жазалаушы отрядтар, Торғай жерінде  жылдың сәуіріне дейін жүріп, қанды ойрандар салды.  Жылдың бас кезінде Алаш қайраткерлері Уақтша үкіметтің басына келген Керенсийден Торғайда жүрген жазалаушы отрядтарды қайтаруды талап еткен болатын. Сол талап бойынша Керенский Эверсманның жазалаушы жасағының Ресейге қайтуына бұйрық берген.

Содан кейін де бұрынғы уез орталығы Торғай қаласы талай тарихи оқиғалардың куәсі болды. Торғайды біресе большевиктер алып, келесі жолы Алаштықтардың қолына кезек- кезек өткен күндер болды. 18-жылдың аяғында Ырғыздан Сібірге бет алған Колчак әскерінің қалдықтары Торғайға соғып, біраз ылаң салды. Кеңес өкіметі Ресейде жылы қараша айында орнаса, большебектер билігі Торғайға 18-жылдың аяғында колчактықтар Торғайдан кеткеннен кейін  орнаған еді. Амангелді Имановтың Торғай Совдепінің комиссары болатыны осы кез. Дәл осы кезеңде Амангелдіден  16-жылғы көтеріліс кезінде жақын ұрандас, жолдас, сарбаз болған көптеген адамдардың сырт бергені тарихи шындық.  Торғай көтерілісі кезінде сайланған екі ханның бірі Әбдіғапар мен Амангелдінің ағасы Бектепберген және Торғайдың бас көтерер басқада кісілері Амангелдіден сырт айналған, араздасқан. Олар Амангелдіге «Әлібидің айтқанына ердің, большебек болып кеттің» деп айыптаған.  Амангелдінің ең жақын досы, Кейкі мерген Торғайда Кеңес өкіметі орнағаннан бері елден тыс жерде жүрген.

16-жылғы көтеріліс кезінде А.Имановқа ақыл кеңесімен көп көмек берген - Әліби Жангелдин. Ә.Жангелдин Петроград большебектерімен тығыз байланыста болған. Содан 18-жылы Ә.Жангелдин Кеңес өкіметінен көп қару жарақ, қаржы алып, Каспий теңізі, Маңғыстау арқылы Торғайға жеткізіп, сол кезде Торғай комиссары қызметін атқарған А.Имановқа тапсырған. 

18-жылы Кеңес өкіметі барлық жерлерде жеңіске жетіп, батыстағы ақгвардияшылар Батыс елдеріне, Сібірде Колчак жеңіліп, оның ақгвардияшылары Қытайға тығылған. Большебектердің Жангелдин арқылы Торғайға қару-жарақ жіберу себебі содан. 18-жылдың аяғына таман Кеңес үкіметі Орта Азия елдерін басқару жөнінде ойласа бастайды. Ленин үкімет жанынан Ұлттарды басқару комиссиясын құрып, оған башылық етуге Сталинді тағайындайды. Осы кезде Ленин мен Сталин Орта Азия елдерін бір орталықтан басқаруды ойластырып та қойған. Соған байланысты 19-жылдың бас кезінде өздеріне іс қарекетімен бұрыннан таныс Ә.Жангелдинді Мәскеуге келуге шақырады. Оған Шығыс, Орта Азия елдерінде автономия құру туралы талқылау болатынын, тарихтан, құқық мәселелерінен өте сауатты Алаш қайраткерлерінің бірнешеуін ала келуді тапсырады. Сонымен 19-жылдың бас кезінде Ә.Жангелдин. А.Байтұрсынов, Б.Қаралдин және тағы бірнеше адам Мәскеуге жол тартады.  Онда Ә.Жангелдин де, А.Байтұрсынов та Ленин мен Сталиннің қабылдауында болған. «Сол кезде А. Байтұрсыновқа (Мәскеуде және басқа жерде жүруге» рұқсат берілген Совдептің құжаты осы күні де сақталған. Сол жолғы үкіметтік жиындарда Қазақ автономиясы туралы, оның территориясы туралы мәселелер қаралған.

Бұл Торғайда аласапыран уақиғалар болып жатқан уақыт еді. Большебектерден жеңілген Колчактан үміті үзілген алаштың бір топ қайраткерлері Торғайға  келген болатын.  Соған орай ма, Торғайдағы Амангелді басқарған кеңес комиссариатына көмектесу үшін Қостанайдан Таран басқарған отряд Торғайды бет алып, жолға шығады.  Таран отряды Албарбөгетке таяғанда қызыл командир Жиляевтің жасағы Торғайда ойран салып жатқан. Олар Торғайдағы Алаш қайраткерлерінің қару жарақтарын сыпырып, тартып алған. Ал, Таранның отряды Торғай қақпасына кірер жерде қарусыздандырылған. Өйткені, соғыс жағдайында әскер тұрған бір қалаға екінші әскер қару жарақпен кіргізілмейді екен.Содан, Торғайға Таран екі жолдасымен келіп, сол жерде тұтқынға алынады.

Торғайда А. Иманов пен оның он сегіз жолдасының (Таран мен оның екі жолдасы соның ішінде) тұтқындалып, түрмеге жабылатыны осы кез.

Торғай түрмесінде тұтқындалған он сегіз адамды атқандар осы Жиляевтің солдаттары ма» деген де күдік бар. Өйткені осы «Жиляев Ырғыз жақта ұсталып, Совет трибуналымен атылды» деген ақпарат болған. Кейін жүргізілген қылмыстық іс зерттеуінде Торғай түрмесіндегі он сегіз адамның қалай, кімдердің атқаны жөнінде еш нақты деректер көрсетілмеген.             Он сегіз адамның мүрдесі «Партизандар сайынан» табылып, олар ардақталып, жерленген. Тек оның ішінде Амангелдінің денесі болмаған. Оны  бір сиыр бағушының айтуымен сол маңнан кейін тапқан.

Бұл қанды оқиғадан кейін, Амангелді мен Таранның өліміне  алаштықтарды, Әбдіғапарды кіналаған өсек сөздер көп болды. Кейкі батыр большебек Амангелдге көңілі толмай сырттап жүргенмен, оны өлімге қимайтын қандыбалақ, майдандас дос еді. Кеңес тұсындағы «Қазақ ССРі тарихында» Кейкі мергеннің есімі аталмаған. Бірақ, ел жұрттың аңызында ара кідік Кейкі батыр туралы айтылатын.  Сонау жылдары жазушы Ақан Нұрманов «Құланның aжалы» атты романын баспадан шығарған болатын. Шығармада  есімі тура аталмасада, оның бас кейіпкері Кейкі батыр екенін біраз оқырман сезді, айтып та жүрді. Кейкі батыр атта шауып келе жатып, нысанасын ұшырып түсіретін қол мерген болған. 16-жылғы жазалаушы отрядтармен болған шайқастарда жаудың талай солдаттары мен офицерлері осы Кейкі мергеннің қолынан қаза болған. Кейкі мергеннің Бекіш Қылышбаев деген ағасы көтеріліс кезінде жүздіктің басы болған екен.Осы сарбаз Бекіш ұлы Әубәкір Қылышбаевқа Кейкінің өмірбаяны туралы біраз естелік айтып қалдырған екен.Сол Әубәкір Қылышбаев әкесінің Кейкі мерген туралы  естеліктерін кітапқа бастырған еді. Ә.Қылышбаевтың аталмыш кітабында, яки, Амангелдінің жүзбасысы болған Бекіш Қылышбаевтың  айтуы бойынша  19-жылдың  көктемінде   Амангелдінің түрмеге қамалған хабарын Амантоғай жақта жүріп естіген Кейкі мән жайды білмек болып Торғайға келеді.Бұлар дуан орталығының шетіне ілккенде, қаланың көзге ұрып тұрған тыныштығынан секем алады. Қасында он бес шақты серігі бар Кейкі батыр Совдептің штабына кіргенде (Амангелдінің үйі сонда болған) батырдың жары Балым бұларды жоқтаумен қарсы алады. Жұрт аяғы біраз тынышталғаннан кейін, отырғандардан (үйде қалғандар Амангелдінің жақын туыстары, Бегімбет руынан) сұрастырғанда , олар Амангелдінің түрмеге қамалуына рұқсат беріп, мәмілеге келген Әбдіғапар  хан Жанбосынұлы мен Амангелдінің өз ағасы Бектепберген екенін айтады. Сол жерде Кейкі батыр қамшысын жерге ұрып, жұрт көзінше, Әбдіғапар хан мен Бектепбергеннен Амангелді үшін кек алуға серт береді. Бетепберген Амангелді қаза болған күні өзеннің арғы бетіне өтіп кетіп, оңтүстікке бет алыпты. Кейкі мерген кезінде аңшы болған, із кесіп, Бектепбергенді Аралдың мағынан тауып, сол жерде атып кетіпті. Содан серт бойынша, Әбдіғапар ханды іздеп, оның ауылына келгенде, мергеннің іздеп жүргенін естіген хан, ізін суытып үлгеріпті. Содан ырымшыл Кейкі «ажалы менен емес екен» деп Әбдіғапарды іздеуін доғарып, Ұлытау жағын паналап кетіпті.

Ә.Жангелдин Мәскеуден келгеннен кейін, Торғайда А.Имановтың  өлімінің себептерін тексеру комиссиясы құрылып, оның төрағалығына Ә.Жангелдин  тағайындалған. Әлібиден Амангелдінің құнын Әбдіғапар ханнан өндіріп беруді сұрағандар да болыпты. Әбдіғапар хан Амангелдінің құнын өтеуге келіскен екен, бірақ Амангелдінің  жақын туыстары «жанға -жан» деп бітііспей қойыпты. Содан екі оттың ортасында қалған Ә.Жангелдин сол талапқа үнсіз келісімін берген тәрізді. Өйткені, көп ұзамай, Әбдіғапар ханның ауылына алты жеті солдатпен өкіл келіп «Сізді Торғайға алып кетеміз» дейді. Әбдіғапар «Енді бұл сапардан оралмаспын» деп үй ішімен қоштасып, солдаттарға ілесіп жолға шығады. Жол ортасында бесін намазын оқуға әскерилерде рұқсат сұрайды. Әбдіғапарды сол намазын оқып отырған жерінде әскерилердің шендісі наганмен атып өлтіреді.

Амангелдінің өліміне Алаш қайраткерлерінің бірі болғасын ба, Міржақып Дулатовты ашық айыптағандар да болды. Тіпті Ахмет Байтұрсыновқа да осы мәселе бойынша кінә таққысы келгендер болған. Бірақ А.Байтұрсыновта бұл кезеңде Мәскеуде болғаны туралы құжаты бар еді.Және ол кісі Қазақ автономиясын ұйымдастыру жұмыстарына белсене кірісіп кеткен болатын.

Амангелдінің өлімінің себептерін тексеретін комиссия Торғайда белсене жұмыс істеп жатты. Тергеушілер сол кезде Торғайда болған біраз алаштықтардан жауап алған. Кеңестің қатал тергеушілері А.Омаровтың, А.Кенжиннің және т.б. жауаптарынан Міржақып Дулатовтың А.Имановтың өліміне қатысты дәлелді таба алмаған. Ақыры осы қылмыстық іс бойынша біраз адам атылды, сотталды. Алаш көсемдерінің бірі Міржақып Дулатовтың үстінен қозғалған іс дәлел болмағандықтан қысқартылды.Бірақ, Міржақып Дулатовтың үстінен жоғары жаққа арыз жазушылар көп болған. Тіпті, жылдардан кейін де Қазақстан үкіметіне, Қазақстан Жазушылар одағына, оның ішінде С.Мұқанов пен Ә.Тәжібаевтың атына жазылған арыздар болған екен.

 Амангелді батырдың өлімі туралы осы мақаланы  мен шағын мақаланың шағын эпилогы тәрізді тура 50-жылдан кейін, Алматыда болған шағын оқиғаның суреттемесімен аяқтайын. А.Имановтан Рамазан, Шәріп атты екі бала қалған. Шәріп Иманов өмірінің соңына дейін Алматыда тұрды. Ал, Алаш көсемдерінің бірі Міржақып Дулатовтан да екі бала қалған. Ұлы Міржақып қайтыс болған жылы ол да өмірден ауырып, Алматыда  көз жұмды. Қызы Гүлнар Дулатова әкесі М.Дулатов пен Алаш қайраткерлері туралы «Алаштың сөнбес жұлдыздары», «Шындық шырағы» атты кітаптар жазып қалдырған кісі. Сол Гүлнар апайдың «Алаштың сөнбес жұлдыздары» кітабында Амангелдінің ұлы Шәріп Имановтың 1979-жылы өзін үйіне іздеп келгенін айтады. «Жақында ауруханада болып, операция жасатып едім, сенің дәрігер екеніңді естіп қуандым» депті Шәріп.  Кездесу соңында Гүлнар Дулатова Шәріптен «Әкеңнің құнын кімнен алдың?» деп сұрағанда, Шәріп Иманов «Әкемнің құнын Әбдіғапардан алдым» деген екен. «Ендеше бұдан былай көңілімізде кір қалмасын» деп Гүлнар Дулатова Шәріп Имановпен қоштасыпты. Бүгінде екеуі де өмірде жоқ болса да, қазақтың алып  тұлғаларының асыл тұяқтары екенін мұңайып еске аламыз.

Жұмат ӘНЕСҰЛЫ, жазушы, тарихшы

Ұлт порталы