27 сәу, 2019 сағат 09:57

Әміржан Қосанов ОСК-ға құжаттарын тапсырды

«Ұлт тағдыры» республикалық қоғамдық бірлестігі атынан ҚР Президенттігіне үміткер Әміржан Қосанов Орталық сайлау комиссиясына құжаттарын тапсырды.

«Менің мемлекеттік қызметте 7 жылдық тәжірибем бар. Психикалық ауруларға қатысты анықтаманы алдым. Барлық қажетті құжатты жинап тапсырдық. Олар екі күн қарастырылатыны айтылды. Дүйсенбі күні сағат 11-де мемлекеттік тілді меңгеру сынағынан өтемін», - деді Әміржан Қосанов Орталық сайлау комиссиясында журналистерге берген сұхбатында.

Айта кетейік кеше «Ұлт тағдыры» РҚБ құрылтайында саясаткер Әміржан Қосановтың кандидатурасын президенттік сайлауға ұсыну шешімі қабылданды.

Әміржан Қосанов 1964 жылы 13 мамырда дүниеге келген. С. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетінде білім алған. Түрлі жылдары коммунистік жастар одағында, ҚР мемлекеттік органдарында, саяси партиялар мен қоғамдық қозғалыстарда еңбек еткен. Үйленген, үш баласы бар.

Қазірге дейін саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктерден ұсынылған кандидаттар:

  • Сәдібек Түгел - "Ұлы дала қырандары" республикалық қозғалысы​ (тіл емтиханынан өтті);
  • Қасым-Жомарт Тоқаев - "Нұр Отан" партиясы (тіл емтиханынан өтті);
  • Амангелді Таспихов - Қазақстан кәсіподақтар федерациясы (ОСК-ға құжаттарын тапсырды);
  • Дания Еспаева - "Ақ жол" партиясы;
  • Төлеутай Рақымбеков - "Ауыл" партиясы;
  • Жамбыл Ахметбеков - Қазақстан коммунистік халық партиясы.

Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы сайлауға қатысудан бас тартты.