06 там, 2025 сағат 13:07

Ана ұғымы қасиетті ме?


Фото: Pinterest

 Ult.kz-те жиһанкез журналист Динара Болаттың өзге пайымы.

Қоғамда бала сүю бақыт, ал ана болу қасиет деп есептеледі. Әрине бұл ойдың түбінде ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық, діни сенімдер жатыр. Қазақ «Жұмақ ананың табанының астында», «анаңның еңбегін оны Меккеге арқалап апарсаң да өтей алмайсың» дейді. Бұл сөз адамзат өмірінде ана ролінің орны ерекше екенін көрсетеді. Бірақ осы көзқарас шынайы өмірмен қаншалықты үйлеседі?

Көп жағдайда «Ана қасиетті» деген ұғым оны қоғамның және отбасының алдында өз арман-қалауынан бас тартуға әкеледі. «Бала үшін бәріне шыдау керек», «аналық парыз» деп, өзін құрбан етіп жүрген аналар баршылық. Бұл өз кезегінде ананың тұлға ретінде өзін жоғалтуына әкеледі. Арты өкініш, есейген баладан күту, құрбан еткен жылдардың өтемін баладан талап ету.

«Қасиетті» деген ұғым бірден еш қателеспейтін мінсіз бейнені елестетеді. Ал біз білсек бәріміз пендеміз ғой, періште көкте ғана. Ана деген кім? Ол да  ет пен сүйектен жаратылған, сезімі бар, күйзеліске түсетін, қателесетін адам. Оның да балалық шағы, өз жарақаты болған, мүмкін әлі де бар. Ол да өмір бойы үйреніп келеді. Әсіресе алғашқы баласын дүниеге әкелгенде, өзі де жаңа өмірге енді қадам басқандай күй кешеді. Жүктілік, уайым, күтіну, босану, ұйқысыз түндер, денсаулық мәселелері, жүктіліктен кейінгі депрессия, бала асырау, тәрбиелеу мұның бәрі ана болу жолының күрделі кезеңдері. Ол жолдың тұтас мінсіз болуы екіталай.

Ананы тек ұлы, мейірімді, әрқашан төзімді етіп көрсету оның жеке тұлға ретіндегі болмысын елемеу деген сөз. Ана кейде ашуланады, жылайды, шаршайды, кейде балаға дауыс, қол көтеруі де мүмкін. Әр ана бұл рольді қолынан келгенше алып шығады. Бұл сөгу, сынау емес, бұл ана ролін түсіну, қалай бар солай қабылдау.

Пайым

Ана ұғымын қасиетті деп өлең, сөзбен әсірелеу артық. Балалы болу – оңай, ана болу – қиын. Әр ана бұл рольді қолынан келгенше алып шығады. Иә, ана жолы – үлкен еңбек, тұтас ғұмыр. Сол себепті «қасиетті» деп аналарға жан-жақты жүк артып қоймай, оларға ер азаматынан, ата-ана, ата-енесінен, қоғамнан жан-жақты қолдау қажет. Себебі қазіргі заманда ол тек ана ролімен шектелмейтін әмбебап жан. Анаға демалу құқығы, қателесу құқығы, өзімен өзі болу еркіндігі ауадай қажет.


Динара Болат