25 жел, 2019 сағат 08:44

Анар Фазылжанова: Филологиялық білім беру жүйесіне реформа керек

Қазақстанның Жоғары оқу орындарындағы филологиялық білім беру жүйесіне реформа керек. Қазақ тілін жаңғырту ісіне қатысты Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ғалым хатшысы, филология ғылымдарының кандидаты Анар Фазылжанова осындай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ең алдымен, филологиялық білім беру жүйесіне реформа керек. Қазақстандағы филология факультеттерін бітірген студенттер мен магистранттарды күнде көзіміз көреді. Олардың алғаны – классикалық филологиялық білім. Одан ары кетпейді. Ал қазіргі кезде коммуникация құбылып, өзгеріп тұрады. Коммуниканттардың талаптары да құбылмалы. Соған қарай филология мамандығын бітірген маман тілді дұрыс әрі сапалы қолдана алуы керек», - деді маман елордадағы Президенттің Ұлттық қоғамдық сенім кеңесіндегі қазақ тілін жаңғыртуға байланысты айтқан ойлары негізінде ұйымдастырылған жиында.

Оның айтуынша, негізгі пәндердің мазмұнын да өзгерту керек.

«Мысалы, қазір синтаксистен классикалық білімдерді береміз біз. Сөйлемнің құрылысы, сөйлем мүшелері мектепте де, ЖОО-ларда да оқытылады. Ал енді қазіргі синтаксис қандай болу керек. Коммуницияның алуан түрлі саласында синтаксис қандай болу керек деген мәселеге бас қатырмаймыз. Мәселен, Ресейдегі Ломоносов атындағы университетте студенттер филологияны 42 мамандандырылған бағдар бойынша бітіріп шығады екен. Біздің филологияда классикалық филолог шығады. Ол адам сол баяғы қырқыншы жылдардан қалған бағдарламамен мектепте сабақ береді. Одан қалды аудармамен, ғылыми жұмыспен айналысады», - деді ол.

Еске сала кетсек, Ақордада бірқатар азаматқа мемлекеттік наградаларды тапсыру барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «қазақ тілі өркениеттің ой-пікірін қалыптастыратын тілдермен қатар тұруы керектігін» айтқан болатын. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің 2-отырысында ҚР Президенті латын әліпбиіне көшу мәселесінде асығыстық танытуға болмайтынын ескертті.

«Қазақ тіліне реформа, тіпті қажет десеңіздер тілімізді жаңғырту қажет. Ғалымдарымыздың салмақты пікірлерін күтеміз. Тағы да қайталап айтамын, біз нақты қазақ тілін реформалаймыз. Мұндай ұлтымыз үшін тағдыршешті мәселеде науқаншылдыққа және жеңілтектікке жол беруге болмайды», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.