31 мам, 2023 сағат 14:41

Англия соты Мұхтар Әблязовті қамауға алу туралы қаулы мерзімін ұзартты

Фото: әлеуметтік желілерден

Англияның Жоғарғы соты БТА Банкі Директорлар кеңесінің бұрынғы басшысы Мұхтар Әблязовты 2012 жылдың ақпанында сотты құрметтемегені үшін шығарған қамауға алу туралы қаулысын ұзартты. Бұл туралы банктің баспасөз қызметі хабарлады.

"Қамауға алу туралы қаулы Мұхтар Әблязовты Ұлыбританияға кірген жағдайда жазасын өтеу үшін полиция органдарына және/немесе сот қызметкерлеріне тұтқындауға және түрмеге жіберуге нұсқау беретін құжат. Құжат екі жылға жарамды, содан кейін ол тағы бір мерзімге ұзартылады. Банк қаулы мерзімін ұзарту бойынша тұрақты жұмыс жүргізіп жатыр", - делінген хабарламада.

Тұтқындау туралы бастапқы қаулыны 2012 жылдың 16 ақпанында Англияның Жоғарғы соты шығарған. Мұхтар Әблязов бірнеше рет жалған айғақтар беріп, сотқа жалған құжаттар ұсынған, олар арқылы активтер мен операциялар Банктен жасырылған, сонымен қатар сот отырыстарына келмеген. Осыған байланысты сот Мұхтар Әблязовты сотты құрметтемегені үшін жалпы 22 айға түрмеге отырғызу туралы қаулы шығарды.

"Қамауға алу туралы шешім Мұхтар Әблязовты оның барлық активтерін толығымен ашып көрсету, осы активтерге қатысты кез келген әрекетті тоқтату және сот шешімін бұза отырып, жауапкер жұмсап қойған/сатып үлгерген барлық активтерді қайтару туралы сот бұйрығын орындауға мәжбүрлеуге бағытталған", - делінген хабарлама мәтінінде.