17 нау, 2026 сағат 16:26

Әр спортшыға – 1,2 млн теңге: Олимпиада алдындағы ірі төлем

 

Фото: championat.com


2028 жылғы Лос-Анджелес Олимпиадасына дайындық аясында қазақстандық спортшыларға Халықаралық Олимпиада комитетінің стипендиялық бағдарламасы бойынша алғашқы төлемдер аударылды. Бағдарлама шеңберінде әрбір атлетке 2500 АҚШ доллары, яғни шамамен 1,2 миллион теңге көлемінде қаржылай қолдау берілді, деп хабарлайды Ult.kz.

 

Бұл стипендия спортшылардың Олимпиадаға іріктеу кезеңі мен дайындық процесін тиімді ұйымдастыруға бағытталған. Қазақстандық атлеттердің бағдарламаға қатысуына Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитеті бастамашы болды. ҰОК ұлттық федерациялармен және Халықаралық Олимпиада комитетімен бірлесіп, өтінім беру процесін толық үйлестірген.

 

Стипендия 2028 жылғы Олимпиада ойындарының бағдарламасына енген жеке спорт түрлері бойынша сынға түсетін спортшыларға беріледі. Іріктеу барысында үміткерлердің спорттық нәтижелері, Олимпиада жолдамасын жеңіп алу мүмкіндігі және жоғары жетістік көрсету әлеуеті негізгі критерийлер ретінде қарастырылды. Сонымен қатар, допингке қатысты тәртіп бұзушылықтардың болмауы және Олимпиадалық хартия талаптарын сақтау да маңызды талаптардың бірі болды.

 

Бөлінген қаражат оқу-жаттығу жиындарын өткізуге, жеке дайындықты жетілдіруге, жаттықтырушылар мен мамандардың еңбекақысын төлеуге, медициналық және ғылыми қызметтерге, сақтандыруға, сондай-ақ тұру және тамақтану шығындарын өтеуге жұмсалуы мүмкін. Қаражаттың жұмсалуы белгіленген тәртіпке сәйкес тұрақты түрде бақылауға алынады.

 

Ұлттық Олимпиадалық комитеттің мәліметінше, бұл стипендия спортшыларға дайындық жоспарын жүйелі түрде құрып, іріктеу жарыстарына сапалы дайындалуға мүмкіндік береді. Нәтижесінде олар өз мақсаттарына жетіп, жоғары көрсеткіш көрсетуге мүмкіндік алады.

 

Стипендия иегерлері қатарында келесі қазақстандық спортшылар бар:

Аида Әбікеева (бокс), Сағындық Тоғамбай (бокс), Ғұсман Қырғызбаев (дзюдо), Әбиба Әбужақынова (дзюдо), Милад Карими (спорттық гимнастика), Руслан Курбанов (семсерлесу), Исхар Курбаев (грек-рим күресі), Ризабек Айтмұхан (еркін күрес), Зейнеп Баянова (әйелдер күресі), Мария Бровкова (байдарка және каноэде ескек есу), Александра Ле (нысана көздеу), Ислам Сәтпаев (нысана көздеу), Әмір Маймұратов (спорттық құзға өрмелеу), Батырхан Төлеуғали (таеквондо), Алан Құрманғалиев (үстел теннисі), Елизавета Матвеева (жеңіл атлетика), Әсем Орынбай (стенд ату), Сергей Петрович (ауыр атлетика), Арай Нұрлыбекова (ауыр атлетика), Данил Мусабаев (батуттағы гимнастика).

 

Аталған стипендиялық бағдарлама спортшыларға қосымша мүмкіндік беріп, олардың Олимпиадаға іріктеуден сәтті өтіп, жоғары нәтижелерге қол жеткізуіне жағдай жасайды.