Фото: ҚР ТСМ
Қазақстандық мектеп оқушылары 2026 жылдың 19–29 наурызы аралығында көктемгі демалысқа шығады, деп хабарлайды Ult.kz ҚР Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап. Биылғы демалыс 11 күнге созылады.
Министрлік мәліметінше, демалыс уақытында оқушылардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру үшін арнайы іс-шаралар кешені жоспарланған. Олар «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында өткізіліп, балалардың тұлғалық дамуына, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге және қоғамдық белсенділігін арттыруға бағытталады.
Демалыс «Наурызнама» онкүндігімен өтеді
Көктемгі демалыстың әр күні «Наурызнама» онкүндігімен үндесіп, отбасылық құндылықтар мен ұлттық дәстүрлерді насихаттауға арналмақ. Оқушылар түрлі мәдени, танымдық және тәрбиелік жобаларға қатысады.
Атап айтқанда, балалар:
«Таза Қазақстан» бастамасы аясындағы экологиялық шараларға;
«Еңбек адамы» жобасына;
«Заң мен тәртіп» тақырыбындағы танымдық іс-шараларға қатысады.
Сонымен қатар оқушылар дәстүрлі «Жер сағаты» халықаралық экологиялық акциясына да атсалысып, табиғатты қорғау мәдениетін насихаттайды.
Балалардың қауіпсіздігі де назарда
Демалыс кезінде оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінеді. Осы мақсатта мектептерде және ата-аналармен бірлесіп түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.
Атап айтқанда:
жол қозғалысы қауіпсіздігі;
өрт қауіпсіздігі;
интернет пен киберкеңістіктегі қауіпсіздік
бойынша профилактикалық шаралар ұйымдастырылады.
Министрлік өкілдері бұл бастамалар демалыс кезеңінде балалардың уақытын пайдалы өткізуге, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және ұлттық құндылықтарға деген қызығушылығын арттыруға бағытталғанын атап өтті.
