28 там, 2020 сағат 10:14

Айрықша мақсаттағы күштердің қолбасшысы тағайындалды

Мемлекет басшысының өкімімен Ардақ Әшімбекұлы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметі бастығының орынбасары – Айрықша мақсаттағы күштердің қолбасшысы болып тағайындалды.

Бұл туралы "Ұлт ақпарат" Ақордаға сілтеме жасап хабарлайды. 

Ардақ Әшімбекұлы 1977 жылы 1 мамырда дүниеге келді. 

1995 жылы Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара әскерлерінің Әскери институтына түсіп, 1999 жылы «бөлімшелердің қызметтік-жауынгерлік іс-әрекеттерін басқару» мамандығы бойынша бітірген. Сондай-ақ 2014 жылы Қазақ гуманитарлық заң университетін «құқықтану» мамандығы бойынша тәмамдаған.

1999-2001 жылдары ҚР Республикалық ұланының қатарында офицерлік лауазымдарда болған. 2001-2006 жылдары Қазақстан Республикасы Президенті Күзет қызметінде түрлі офицерлік басшылық лауазымдарда қызмет атқарған.

2006 жылдан Қызметтің әртүрлі құрылымдық бөлімшелерін басқарған.

2013 жылдан ҚР Президенті Күзет қызметі Бастығының бірінші орынбасары - Президентінің қауіпсіздік қызметінің бастығы болды.

2014 жылдан Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметі бастығының орынбасары - Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасының қауіпсіздік қызметінің бастығы болып тағайындалды.

2019 жылдың маусымынан осы тағайындауға дейін. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің басшысының бірінші орынбасары – Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы Күзет қызметінің басшысы болды. 

ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен, «ҚР ҰҚК Әскери институтына 75 жыл» арнаулы мерейтой төсбелгісімен, ҚР Президентінің атынан және Қызмет басшылығынан алғыстармен, 8 медальмен, Қазақстан Республикасы Президенті Күзет қызметінің Құрмет грамотасымен марапатталған.