10 нау, 2026 сағат 18:05

Астанада ірі қаржы пирамидасы әшкереленді: 380 адам алданған


Фото: gov.kz


Астанада “Sirius Energy” атауымен жұмыс істеген қаржы пирамидасына қатысты тергеу жүргізіліп жатыр. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігі хабарлады.


Тергеу мәліметінше, күдікті өзін чилилік “Sirius Energy” компаниясының өкілі ретінде таныстырып, азаматтарды жаңартылатын энергия көздері саласындағы «жоғары табыс әкелетін» жобаларға инвестиция салуға үгіттеген.


Инвесторлардан қаражат USDT криптовалютасы арқылы қабылданып, салымшыларға шартты бонустар көрсетілетін жеке кабинеттер ашылған. Салымшыларды көбірек тарту үшін ұйымдастырушы Алматы мен Астанада кеңселер ашып, тұрақты түрде тренингтер өткізіп отырған.


Сонымен қатар ол Instagram және TikTok әлеуметтік желілерінде белсенді жарнама жүргізіп, қызметінің заңды екенін көрсету мақсатында үшінші тұлғаның атына жеке жауапкершілігі шектеулі серіктестік (ЖШС) тіркеген. Алайда іс жүзінде ешқандай нақты қызмет көрсетілмеген.


Алдын ала мәлімет бойынша, 380 азамат қаржы пирамидасының құрбанына айналған.


Жәбірленушілердің бірі жоғары табыс туралы уәдеге сеніп, жобаға ақша салу үшін 3 миллион теңге көлемінде несие рәсімдеген. Алайда уәде етілген төлемдерді ала алмаған, енді несиені пайызымен бірге өз қаражаты есебінен өтеуге мәжбүр.


Сот санкциясымен күдіктінің банк шоттарына тыйым салынды. Тергеу жалғасып жатыр.