02 мау, 2023 сағат 16:33

Астанада мемлекеттік кірістер департаментінің бөлім басшысы 20 млн теңге пара алған

Фото: oqu.news

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Астана қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің бөлім басшысына қатысты тергеуді аяқтады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Антикордың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомство мәліметінше, ол 2022 жылдың желтоқсанында квазимемлекеттік кәсіпорынға жүргізіліп жатқан тексеру бойынша салықтарды қосымша есептеу сомасын төмендеткені үшін 20 млн теңге көлемінде пара алған.

"Күдікті тергеу сотының санкциясымен қамауға алынды. Қазір Астана қаласының прокуратурасы айыпталушыны сотқа берді.

ҚР ҚПК 201-бабына сәйкес тергеу мүддесі үшін өзге ақпарат жария етуге жатпайды. Сонымен бірге, Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әрбір адам кінәсіз деп есептеледі" - делінген Антикор хабарламасында.