20 ақп, 2023 сағат 14:42

Астанада Range Rover иесі есірткінің ірі партиясымен ұсталды – видео

Фото: Polisia.kz

Елордада есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының қызметкерлері аса ірі көлемде есірткі сатудың жолын кесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

"Күмісбеков көшесіндегі үйдің жанынан Range Rover автокөлігінің жүк салғышында күшті синтетикалық есірткі заты – мефедронның екі пакетін тасымалдап келе жатқан 35 жастағы жергілікті тұрғын ұсталды" - делінген хабарламада.

Тергеу анықтағандай, ер адам есірткіні Алматыдан сатып алып, көлікпен Астанаға жөнелтіп, өзі елордаға ұшақпен оралған. Әрі қарай ол есірткіні бір келіден бөліп, Көкшетау, Петропавл және Павлодар қалаларында ірі мөлшерде көтерме сауда үшін жасырып кетуді жоспарлаған. Күдікті есірткіні орап-түю үшін тасымалдау барысында ұсталған.


Оның пәтерін тінту кезінде екі келі гашиш, бір миллион теңгеден аса қаражат, сондай-ақ электронды таразылар мен буып-түюге арналған материалдар алынған.

Ішкі істер министрлігінде атап өткендей, тәркіленген есірткінің салмағы аса ірі мөлшерге жатады. Олардың айналымы үшін мүлкі тәркіленіп, 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.

Қазіргі уақытта іздестіру шаралары жалғасуда, ұсталған азаматтың қылмыстық байланыстары анықталып жатыр.