Фото: inbusiness.kz
Астанада салынып жатқан тұрғын үй кешендерінің бірінде өнеркәсіптік альпинист биіктіктен құлап, ауруханаға жеткізілді. Оқиға 9 ақпан күні Бұқар жырау көшесінде болғанын қалалық полиция департаменті хабарлады.
Ведомство мәліметінше, зардап шеккен азамат — 1997 жылы туған ер адам. Қазіргі уақытта оның жағдайы дәрігерлердің бақылауында, оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.
BI құрылыс компаниясының баспасөз қызметінің хабарлауынша, жазатайым оқиға шамамен сағат 16:00-де терезелерді өнеркәсіптік альпинизм әдісімен жуу кезінде болған. Алдын ала деректерге сәйкес, жұмысшы 9-қабат деңгейінде тепе-теңдігін жоғалтып, құлап кеткен. Сондай-ақ түсуге дайындық сәтінде сақтандыру жүйесі бекітілмеген болуы мүмкін.
Жедел жәрдем бригадасы оқиға орнына 10 минут ішінде жеткен. «Зардап шеккен адамға операция жасалды, ол есін жиды. Қазір еңбек инспекциясының қатысуымен тексеру жүргізіліп жатыр», — деп мәлімдеді компания өкілдері.
Айта кетейік, өткен жылы Астанада құрылыс нысандарында бірнеше төтенше жағдай тіркелген. Шілде айында құрылыс алаңдарының бірінде кран құлап, кран машинисі қаза тапқан. Ал күзде қатты желдің салдарынан «Рио-де-Жанейро» тұрғын үй кешенінің құрылысында мұнаралы кран құлаған, бұл оқиғада зардап шеккендер болмаған.
Сонымен қатар, аталған оқиғадан бірнеше күн өткен соң тұрғын үй кешендерінің бірінің құрылысшысы наразылық білдіру мақсатында мұнаралы кранға көтерілген.
Қараша айында Attila тұрғын үй кешенінің құрылысында үш жұмысшы бесінші қабаттың биіктігінен құлап, ауыр жарақат алған.
