26 қаң, 2023 сағат 13:53

Астанада ҰҚК-нің екі қызметкері ұсталды

© AP Photo / Jean-Francois Badias

Астана қаласында қамауға алынған адамдарды азаптау ісі бойынша Ұлттық қауіпсіздік комитетінің екі қызметкері ұсталды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан елорда сотына сілтеме жасап.

Бүгін мамандандырылған ауданаралық тергеу сотының санкциясымен подполковник Еркін Аманов пен майор Хамит Абдуғали, сондай-ақ шекара қызметінің өкілі Қайрат Сартай екі айға қамауға алынды.

"Сотқа дейінгі тергеудің басқа мәліметтері Қылмыстық-процессуалдық кодекстің 201-бабы бойынша жарияланбайды", - делінген ресми хабарламада.

Айта кетері, бұған дейін Астанадағы тергеу изоляторында отырған адамдардың азапталғаны туралы туыстары мәлімдеді. 2021 жылы Семейде алтын кенінде ұрлық жасағаны үшін бірнеше адам ұсталған болатын.

Туыстарының айтуынша, ҰҚК қызметкерлері күдіктілерді азаптап, кінәсін мойындауға мәжбүрлеген. Былтыр наурыз айында осы мәселе бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бірақ тергеу ұзаққа созылып кетті. Азапталған адамдардың туыстары бас прокуратураның алдында наразылық шарасын да өткізген.