Фото: Ақорда
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Италия Президенті Серджо Маттарелла Астанада кеңейтілген құрамдағы келіссөздер өткізіп, екіжақты қарым-қатынастардың негізгі бағыттарын талқылады, деп хабарлайды Ult.kz.
Мемлекет басшысы Қазақстан мен Италия арасындағы ынтымақтастық берік саяси диалогқа, қарқынды экономикалық серіктестікке және мәдени-гуманитарлық байланыстарға негізделгенін атап өтті. Ол Италияның Қазақстан экономикасына соңғы жиырма жылда 7,6 млрд доллар инвестиция салғанын және бүгінде елімізде 250-ден астам италиялық компания табысты жұмыс істеп жатқанын айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев ынтымақтастықты дамытудың перспективті салаларын да атап өтті. Олардың қатарында аса маңызды шикізат материалдары, мұнай-химия, машина жасау, көлік-логистика, жеңіл өнеркәсіп, жасанды интеллект, қаржы, туризм және білім беру бар.
Тараптар БҰҰ және халықаралық ұйымдар аясындағы өзара ықпалдастықты жоғары бағалап, биыл өткен «Орталық Азия – Италия» саммитінің маңызын атап өтті. Сондай-ақ, мәдени-гуманитарлық саладағы байланыстарға ерекше көңіл бөлініп, Астанадағы бір көшеге әйгілі саяхатшы Марко Полоның есімі берілетіні айтылды.
Серіктестікті дамытуға қосқан үлесі үшін Мемлекет басшысы Серджо Маттарелланы І дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады. Өз кезегінде Италия Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа елдің ең жоғары наградасы – «Италия Республикасына сіңірген еңбегі үшін» орденін табыстады.
Кездесудің қорытындысы бойынша тараптар Қазақстан–Италия қарым-қатынастарының жаңа белеске көтерілетініне сенім білдірді.
