Фото: Baq.kz
Әлеуметтік желілерде Астанадағы «Көркем-3» тұрғын үй кешенінде болған өрт кезінде құтқарушылардың әрекетсіздігі туралы тараған ақпаратқа Төтенше жағдайлар министрлігі түсініктеме берді, деп хабарлайды Ult.kz.
Ведомство мәліметінше, бейнематериалдарда өрт сөндіру бөлімшелері оқиға орнына жеткенге дейін-ақ пәтер терезесінен қою түтін мен жалын анық байқалған. Бұл өрттің кеш анықталғанын көрсетеді.
ТЖМ түсіндіруінше, аулада тұрған жеңіл автокөлік тек биіктікте жұмыс істейтін арнайы техниканың кіруіне ішінара кедергі келтіргенімен, өрт сөндірушілердің негізгі іс-қимылдарына тосқауыл болмаған. Оқиға орнына келген сәттен бастап газ-түтіннен қорғау қызметі адамдарды құтқару мен өртті сөндіру жұмыстарын жедел бастаған.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде жанып жатқан пәтерден бір әйел құтқарылып, өрттің жоғарғы қабаттарға таралуына жол берілмеген. Алайда өрт сөндірушілер келгенге дейін пәтер толықтай жалынға оранып, улы түтіннің әсері қайғылы жағдайдың алдын алуға мүмкіндік бермеген.
Министрлік өрт сөндірушілердің 20 минут бойы әрекетсіз тұрғаны туралы ақпарат шындыққа сәйкес келмейтінін мәлімдеді.
Сондай-ақ ведомство қолданыстағы заңнамаға сәйкес өртті сөндіру кезінде құтқарушылар заңды түрде әрекет етсе, келтірілген залалды өтеуден босатылатынын еске салды. Дегенмен, азаматтардың автокөліктерін әдейі бүлдіруге құқық беретін норма заңда қарастырылмаған.
ТЖМ мұндай норманы заңнамаға енгізу орынсыз екенін атап өтті. Себебі төтенше жағдайларда шешім қабылдаудың нақты өлшемдерін белгілеу қиын, ал мұндай құқық беру теріс пайдалануға, құқықтық дауларға және қосымша тәуекелдерге әкелуі мүмкін.
Ведомство өрт сөндіру техникасына жол ашу үшін полициямен бірлесіп, кедергі келтіретін автокөліктерді эвакуациялау тәртібі бар екенін де атап өтті.
