26 мам, 2023 сағат 15:23

Астаналық өзін байланыс операторымын деп таныстырып, жұртты алдаған

Фото: Tengrinews.kz

Астанада жалған оператор абоненттерді алдаған, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

Елорданың 23 жастағы тұрғыны өзін ұялы байланыс call-орталығының операторы ретінде таныстырып, пайдаланушыларды алдаған. Әлеуметтік желілерде азаматтардың жеке деректерін қарап алып, оларға 450 мың теңге мөлшерінде ұтыс туралы хабарлама жіберген.

"Жүлдені алу үшін абоненттер өз балансын 10-12 мың теңгеге толықтыруы қажет болған. Сонымен бір уақытта, ұялы байланыс операторының мобильді қосымшасында ол басқа біреудің нөмірі мен клиенттер берген СМС-код нөмірлерін енгізген. Алайда, жалған операторға SMS-кодты хабарлағаннан кейін абоненттер салған қаражат олардың балансынан шешіп алынған.

Бүгінде 10-ға жуық алданған азамат полицияға жүгінді, бірақ одан да көп зардап шеккендер болуы мүмкін. Залал сомасы анықталып жатыр. Дерекке қатысты ҚР ҚК-нің 190-бабы ("Алаяқтық") бойынша соталды тергеу амалдары жүргізіліп жатыр", - делінген хабарламада.

Күдікті мойындау көрсетпелерін берді. Оның елорда аумағында бұрын жасалған осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы анықталып жатыр.