
Елімізде 60-тан астам жоғары оқу орнын бітірген түлектердің 50%-і жұмыссыз. Бұл - еліміздегі университеттердің білім беру деңгейінің сапасыздығын көрсетеді.
Бұл жөнінде бүгін «Атамекен» ҰКП Басқарма төрғасының орынбасары Олжас Ордабаев ЖОО өкілдерімен өткен жиында мәлімдеді.
«Д.Қонаев атындағы Еуразиялық заң академиясында Халықаралық қатынастар мамандығы бойынша оқыған түлектердің 71%-ы жұмыссыз, ал Халықаралық гуманитарлық-техникалық университетінде информатика мамандығын бітіргендер де өндіріске қажетсіз мамандар қатарында. Өңірлік әлеуметтік-инновациялық университетінде Кәсіптік оқыту мамандығын бітіргендердің 25%-ы ғана қызметке қол жеткізсе, Орталық Азия университетінде экономика мамандығы бойынша жұмысқа тұрғандар небәрі 20%», - деді ол.
Бұл көрсеткіш «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының үш жыл қатарынан ҚР Білім және ғылым министрлігімен бірлесіп, қазақстандық жоғары оқу орындарының білім беру бағдарламаларына тәуелсіз бағалау жүргізу нәтижесінде белгілі болып отыр.
«Рейтинг 2019 жылы 17 критерий бойынша жүргізілді, олардың ішінде: еңбекпен қамтылған түлектердің пайызы және олардың орташа айлық еңбекақысы, оқу аяқтаған соң жұмыс іздеу ұзақтығы, сондай-ақ, бағдарламалардың өзектілігін бағалау бар», – деді ол.
Сонымен бірге, қазіргі таңда жоғары сынып оқушыларының басым көпшілігі мамандық таңдауда қиналады, бұған еңбек нарығына қажетті мамандықтар туралы ақпараттардың жоқтығы себеп. Соның салдарынан, жоғары білімді азаматтардың басым бөлігі басқа салада жұмыс істеуге мәжбүр. Бұл мамандық таңдаудағы қателіктің көрінісі. Ал аталған рейтинг осы қажеттілікті қанағаттандыру үшін жасалып отқан көрінеді.
«Қазіргі таңда, жұмыс берушілерді де білім бағдарламаларының өзектілігі алаңдатады. Жалпы алғанда жұмыс берушілердің 68 пайызы қазіргі оқу бағдарламасына көңілдері толмайды», - деді О.Ордабаев.
Сондай-ақ, жиын барысында Қазақстандағы ең нашар университеттер тізімі аталды. Олар:
SilkWay Халықаралық университеті
Сырдария Университеті
Халықаралық гуманитарлық-техникалық университеті
Өңірлік әлеуметтік-инновациялық университет
Орталық Азия университеті
Шымкент университеті
Астана Университеті
