06 жел, 2022 сағат 11:38

Атырауда көлік ұрлап, қоқыс жәшігіне жасырынған ер адам ұсталды


Атырауда көлік ұрлап, қоқыс жәшігіне жасырынған ер адам ұсталды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Polisia.kz порталына сілтеме жасап.

Ведомство мәліметінше, 5 желтоқсан сағат 20:00 шамасында 102 арнасына 49 жастағы әйел хабарласып, бес минут бұрын үйінің алдында оталып тұрған Nissan Almera көлігін белгісіз адам заңсыз айдап әкеткенін айтқан.

Осы хабарлама бойынша тәртіп сақшылары "Сергек" бейнебақылау жүйесі арқылы көліктің Әлиев көпіріне қарай бара жатқанын анықтаған. Осылайша, патрульдік полиция қызметкерлеріне бағыттама берілген.

Оқиға орнына жедел жеткен Батыс-15 қызметкерлері автокөлікті Махамбет-Сатыбалдиев көше қиылысында тоқтатқан кезде күдікті полиция қызметкерлеріне бағынбай, қашып кетеді. Бұнымен қоймай, ол жол ережесін өрескел бұзып, қарсы бағытқа шығып, жол-көлік оқиғасын жасайды. Кейін полиция қызметкерлерінен қашып, жақын маңдағы қоқыс жәшігіне тығылып қалғаны анықталады.

Оқиға орнына жеткен полицейлер күдіктіні ұстаған. Тексеріс барысында 34 жастағы ер адам "Көлікті айдап әкетуші" және "Қалта ұрысы" санатында есепте тұрғаны анықталған. Нәтижесінде көлік арнайы тұраққа қойылып, ұсталған азамат жедел-тергеу тобына тапсырылған.