13 нау, 2023 сағат 11:39

Әйел мен баланы өртеген ер адам қылмыстық жауапкершіліктен босатылды

© Photo: pixabay.com

Бүкіл Қазақстанды дүр сілкіндірген оқиға былтыр 16 наурызда болған. Рудныйда 44 жастағы Миллер Геннадий көршісіне керосин құйып, өртеп жіберген.

Қылмыс жанжалдан туындаған. Өртенген әйелдің қолында 4 жасар баласы болған. Салдарынан бүлдіршіннің денесінің 40%-дан астамы күйсе, ал анасының қолдары күйген, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан сайиы "ТоболИнфо" ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Қылмыстық іске бір жылдан соң нүкте қойылды.

Қостанай облыстық соты Геннадий Миллердің психологиялық ауытқуы бар деп танып, қылмыстық жауапкершіліктен босатты. Ол арнайы медициналық мекемеге мәжбүрлеп емдеуге жіберілді.

"Сотталушыға қатысты бес медициналық сараптама жүргізілді. Нәтижесінде созылмалы психикалық ауруға байланысты қылмыстық жауапкершілікке тартыла алмайтыны белгілі болды. Миллер арнайы есепте тұрған. Жәбірленушінің моральдық залалды өтеуге 2,5 млн теңге көлемінде азаматтық талабын қанағаттандыру туралы шешім қабылданды", - деп түсіндірді судья Алтынай Сағындықова.

Моральдық шығынды Геннадий Миллердің жұбайы төлейді. Ал зардап шеккен 4 жасар бала жансақтау бөлімінде 20 күн жатып, 10 рет тері пластикасы бойынша ота жасалған.