
Әйелдер күресінен Азия чемпионатына қатысатын спортшылардың есімі анықталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Бүгінде әйелдер күресінен Қазақстан ұлттық командасы Нұр-Сұлтан қаласында оқу-жаттығу жиынын өткізуде. Нұрлан Аманқосов жаттықтыратын балуан қыздардың алдында екі ірі бәсеке тұр. Бірі – Үндістанда өтетін Азия біріншілігі болса, екіншісі – құрлықтық лицензиялық турнир.
Olympic.kz сайтына сұхбат берген бас бапкер маңызды додалар алдындағы команда дайындығына баға берді.
«Балуан қыздар жоғары қарқынмен дайындалуда. Бүгінде біз Азия чемпионатына және лицензиялық турнирге қатысатын спортшылар тізімін анықтап қойдық. Жалпы, құрлық додасы мен іріктеу турнирінде бақ сынайтын балуандарды Нұркен Әбдіровті еске алуға арналған халықаралық сында анықтадық. 18 ақпан күні Үндістаннның Нью-Дели қаласында Азия біріншілігі басталады. Аталған сынға негізінен қосалқы құрамды апарамыз. Команданың 80 пайызы жаңарған. Үлкен буын өкілдерінен Эльмира Сыздықова бар. Әлем чемпионатының қола жүлдегері Валентина Исламова күреседі. Қалған қыздардың барлығы да жас. Тәжірибелі Жұлдыз Ешімова жарақатынан айыққан жоқ. Сол себепті, екі жарыстан да сырт қалып отыр. Ал Азия біріншілігінен кемінде 2-3 жүлдемен ораламыз деген ойдамын. Әзірге, нақты қандай медаль бұйыратынын болжай алмаймын», - дейді Нұрлан Аманқосов.
Азия чемпионатына қатысатын Қазақстан командасы:
50 келі: Валентина Исламова;
53 келі: Татьяна Ахметова;
55 келі: Марина Зуева;
57 келі: Алтынай Сатылған;
59 келі: Мәдина Бақбергенова;
62 келі: Аяулым Қасымова;
65 келі: Гаухар Мұқатай;
68 келі: Альбина Қайыргелдинова;
72 келі: Жәмила Бақбергенова;
76 келі: Эльмира Сыздықова
