Фото: ашық дереккөз
Талдықорған қаласында Айзат Жұманованың өліміне қатысты резонансты іс бойынша сот үкімі шықты, деп хабарлайды Ult.kz.
Сот Айбар Жанболатты Қылмыстық кодекстің 99-бабы 1-бөлігі («Адам өлтіру») бойынша кінәлі деп танып, орташа қауіпсіздік деңгейіндегі колонияда 14 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сонымен қатар жәбірленуші тараптың азаматтық талабы ішінара қанағаттандырылып, 20 млн теңге моральдық зиян және 1,7 млн теңге өкілдік шығын өндіру туралы шешім қабылданды.
Сондай-ақ сот Жетісу облысы денсаулық сақтау басқармасының басшылығына қатысты жеке қаулы шығарып, қылмыстық істі қарау барысында анықталған мән-жайларға назар аударып, бір ай мерзімде тиісті шаралар қабылдауды міндеттеді.
Айта кетейік, бұған дейін мемлекеттік айыптаушы соттан айыпталушыға 15 жыл жаза тағайындауды сұраған. Ал марқұмның анасы күйеу баласына өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын беруді талап еткен.
Қайғылы оқиға 2025 жылғы 22 маусымда Жетісу облысының Ақсу ауданында болған. Тергеу деректеріне сәйкес, Баласаз ауылының тұрғыны Айзат Жұманова ауыр жарақаттармен ауруханаға жеткізіліп, жансақтау бөлімінде көз жұмған. Кейін іс бастапқыда «денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру» бабымен тергеліп, кейіннен «адам өлтіру» бабына қайта сараланған.
Сот отырысында марқұмның туыстары әйелдің көп сағат бойы аса қатыгездікпен соққыға жығылғанын айтып, бұл жағдай екі жасар баланың көзінше болғанын мәлімдеді. Ал айыпталушы бұрын әйелінің «терезеден құлап кеткенін» айтқанымен, сараптама қорытындылары ауыр дене жарақаттарын растаған.
