12 қар, 2022 сағат 17:31

Азия чемпионаты: Сәкен Бибосынов күмісті місе тұтты - видео


Амманда (Иордания) өтіп жатқан Азия чемпионатының финалдық жекпе-жегінде қазақстандық боксшы Сәкен Бибосынов өзбекстандық қарсыласынан ұтылып қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат агенттігі Sports.kz порталына сілтеме жасап.

51 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде бақ сынаған Бибосынов соңғы айқаста өзбекстандық Хасанбой Дусматовпен жұдырық түйістірді. Төрешілердің есебінде айырмашылық болғанымен, жеңіс Өзбекстан боксшысына берілді. Осылайша, Сәкен күміс медальді місе тұтты.

Мұның алдында қазақстандық боксшы жапониялық Томоя Цубоимен жұдырықтасып, 5:0 есебімен финалға жолдама алған еді.

Еске салайық, отандасымыз 2021 жылы Сербия астанасы Белград қаласында өткен Әлем чемпионатында Дусматовты жеңген болатын.