04 нау, 2026 сағат 16:56

Бағдат Мусин Президентке инфрақұрылымдық жобалар туралы есеп берді

Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Бағдат Мусинді қабылдады, деп хабарлайды Ult.kz.

Кездесу барысында Президентке компанияның қызметі және соңғы екі жылда жүзеге асырылған негізгі инфрақұрылымдық әрі технологиялық жобалардың нәтижелері баяндалды. Бағдат Мусиннің айтуынша, бүгінде «Қазақтелеком» 1,75 миллионнан астам үй шаруашылығына қызмет көрсетеді.

Компания ел аумағында талшықты-оптикалық желіні жүйелі түрде кеңейтіп, телекоммуникация нарығының негізгі сегменттерінде көшбасшылық орнын сақтап отыр. Сонымен қатар елді мекендерді байланыспен қамту жұмыстары жалғасуда. 2027 жылдың соңына дейін халқы 1 миллионнан асатын 3 мыңнан астам ауылды сапалы байланыс қызметімен қамтамасыз ету жоспарланған.

Кездесуде «Каспий ТОБЖ» халықаралық жобасының жүзеге асырылуы жөнінде де айтылды. Жоба аясында Ақтау – Сумгаит бағыты бойынша суасты талшықты-оптикалық байланыс желісі тартылмақ. Бұл бастама Қазақстанның транзиттік әлеуетін күшейтіп, Еуропа мен Азия арасында цифрлық дәліз қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ деректерді өңдеу инфрақұрылымын дамыту мәселесіне ерекше назар аударылды. Екібастұз қаласында «Деректерді өңдеу орталығы алқабы» стратегиялық жобасы аясында қуаты кезең-кезеңімен арттырылатын заманауи орталық салынуда. Жоба халықаралық технологиялық компанияларды тартуға және елдің инвестициялық тартымдылығын арттыруға бағытталған.

Бұдан бөлек, жасанды интеллект технологияларын енгізуге басымдық берілетіні айтылды. Корпоративтік үдерістерді автоматтандыруға арналған ЖИ-агенттерді әзірлеу, киберқауіпсіздік шешімдерін жетілдіру және мемлекеттік секторды цифрландыру бойынша бірқатар жоба іске асырылуда.

Президент шағын қалалар мен ауылдарды сапалы байланыс және интернетпен қамтудың маңызын атап өтіп, цифрландыру мен жасанды интеллект салаларындағы инвестициялық жобаларды уақтылы жүзеге асыруды тапсырды.