01 қыр, 2016 сағат 10:36

Батыс Қазақстанда ұсталған лаңкестер өзара байланыста болмаған - ҚР ҰҚК

"Батыс Қазақстанда ұсталған радикалды топ мүшелері өзара байланыста болмаған. Бұл туралы бүгін ҚР Парламентінің бірлескен отырысында ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшысы Владимир Жұмақанов мәлім етті", - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Жоқ, ешкім жараланған жоқ. Барлығы Қазақстан азаматтары, танымал діни ағымның мүшелері, өзара байланыстары жоқ», - деп атап өтті В. Жұмақанов.

Айта  кетейік, бұның алдында, Ұлттық қауіпсіздік комитеті 12-30 тамыз аралығында Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстары аумағында үш радикалды топтың іс-әрекеттеріне тосқауыл қойғанын хабарлады.

Батыс Қазақстан облысының 10 тұрғыны және Ақтөбе облысының 11 тұрғыны қамауға алынды.

 «Біз қылмыстық баптар бойынша негізсіз адамдарды құрықтамаймыз. Сондықтан жақын арада осы тақырыпқа байланысты брифинг болады және сонда барлық мәліметтерді жария етеміз деп сендіргім келеді», - деді ол тілшілердің сауалына жауап қайыру кезінде.

«Біз адамды беталды қамауға алмаймыз. Егер адам қамауға алынса, дегенмен оның ешбір іске қатысы анықталмаса, әрине біз оны бірден босатамыз. Бірақ бізді ол адам сотқа беретін болса, сот барлығын орын орнына қояды», - деді ҰҚК басшысы.

ҚР ҰҚК мәлім етуінше, олар радикалдардың құқық қорғау қызметкерлеріне шабуыл жасауды, сондай-ақ халық көп шоғырланатын орындарда терроризм актілерін ұйымдастыруды жоспарлаған.

«Егер біз лаңкестік үшін ұстайтын болсақ, демек олар елде лаңкестік акт ұйымдастыруды көздеген. Құқық қорғау органдарына, құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне шабуыл жасауға бекінген. Мен бұны нақты айта аламын», - дейді В.Жұмақанов.