28 сәу, 2020 сағат 18:34

Біртанов отандық фармацевтермен онлайн кездесті

Бүгін ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов отандық фармацевтика саласы кәсіпорындарының өкілдерімен онлайн режимде кездесу өткізді, - деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі Facebook-парақшасында.

«2020 жылдың 27 сәуіріндегі Президент мәлімдемесіне сәйкес, жүзеге асырылуы Денсаулық сақтау министрлігінің отандық фармацевтикалық және медицина өнеркәсібінің үйлесімді жұмысын талап ететін бірқатар тапсырманы ел Үкіметіне жүктеді. Президент тапсырмаларын жүзеге асыру мақсатында Денсаулық сақтау министрі өндірушілермен кездесті. Оның барысында індеттің екінші толқынының орын алу ықтималдығын қоса алғандағы эпидемиологиялық жағдай кезінде елімізді қажетті дәрі-дәрмекпен және медициналық бұйымдармен қамтасыз ету саласындағы проблемалы мәселелер талқыланды», - делінген ақпаратта.

Ведомствоның атап өтуінше, COVID-19 инфекциясының жаһандық індеті дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдарды шетелден әкелуге кедергі келтіріп отыр. Сондықтан отандық фармациевтикалық және медициналық өнеркәсіптің алдында тұрған негізгі мақсат - импорт орнын басу және ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін негізгі дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдардың қажетті көлемін шығару.

Онлайн кездесу барысында отандық тест-жүйесі мен қажетті медициналық бұйымдардың жеткілікті көлемін қысқа уақыттың ішінде өнеркәсіптік өндіруге шығару бойынша нақты қадамдар талқыланып, COVID-19 індетінің алдын алуға және емдеуге қолданылатын иммунобиологиялық препараттар мен өзге де дәрі-дрмектер өндірісінің қазіргі қуатын пайдалану шаралары ұсынылды.