03 ақп, 2023 сағат 17:20

"Біздің боксшылар қазақтардан мықты" – Баходир Жалолов

Фото: Өзбекстан бокс федерациясы

Токио Олимпиадасының чемпионы Баходир Жалолов Өзбекстанның БАҚ-тарына берген сұхбатында Қазақстан мен Өзбекстан боксын салыстырып, қай елдің шаршы алаңда мықты екенін айтты, деп хабарлайды halyq-uni.kz порталы.

Боксшы таяуда Таиландта өткен 22 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы Азия чемпионаты Өзбекстанның жеке жарысына айналғанын атап өтті.

"Азия чемпионатында біздің елдің боксшылары 10 салмақ дәрежесінде болған айқастарда 9 алтын медальді жеңіп алды. Мұндай жағдай тарихта бұрын-соңды болмаған. Рас, былтыр әлем чемпионатында Қазақстан бізден көбірек жүлде алды. Онда боксшы әйелдердің нәтижелері де есепке алынған. Осы тұрғыдан алғанда олар бізден алда болды. Ал әйелдерді есептемегенде біз, әрине, ірі жарыстарда Қазақстанның алдын орап келеміз. Біздің бокс қазақ боксынан мықты", –  деді ол.

Сонымен бірге, ол қазақ пен өзбек боксында спорттың басқа түрлеріндегі сияқты бұрыннан бәсеке болып келе жатқанын, Өзбекстанның әуесқой бокстан әлем үздігі саналатынын атап өтті.