
Бизнес пен мемлекет арасындағы қарым-қатынас толығымен цифрлық форматқа, яғни қарым-қатынассыз жүйеге көшеді. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысында мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Пандемиядан кейінгі жағдайды пайымдауға сәйкес жаңа амал-әдістер енгізіледі. Жұмысты қашықтан істеудің сәтті форматы маңызды мемлекеттік шешімді қабылдауда жаңа технологияларды қолданудың қажеттігін көрсетті. Қалыптасып қалған жаңашылдық ретінде Үкіметтің, министрліктер мен әкімдіктердің отырысы мен кеңесін барынша қашықтан жүргізу форматында өткізуді ұсынамын. Қажетсіз шараларды, мақұлдауды, уақыт пен ақшаны орынсыз кетіру форматынан алып тастау керек», - деді Президент.
«Бізге шұғыл әрі жедел шешім қабылдайтын, жағдайдың құбылуына жауап бере алатын жаңартылған, тиімді әрі тығыз мемлекеттік аппарат керек. Мемлекеттік даму институттарының реформасы жалғасады. Менің халыққа жолдаған Жолдауымды жүзеге асыру аясында олардың құрылымдарын реформалау, міндеттері мен мақсаттарын айқындау жұмысы жалғасады. Функциялардың кейбірінің қосарлануы, жекешелендірудің кейбір сұрақтары, отандық кәсіпкерлердің квазимемлекеттік сектордағы сатып алуға қолжетімділігі секілді мәселелерді соңына дейін шешу керек», - деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев электронды Үкімет тұжырымдамасын қайта талдап, кеңес, анықтама алу, өтінім беру операцияларының бәрін толығымен онлайн режимге көшіру, ал «egov» тілін халыққа қарапайым әрі түсінікті болатындай етуді жүктеді.
«Бизнес пен мемлекет арасындағы қарым-қатынас толығымен цифрлық форматқа, яғни қарым-қатынассыз жүйеге көшеді. Осы мақсатта мемлекеттік қызмет алудың процестерінің бәрін цифрландыру жұмысы аяқталады. Экономика мен қоғамды цифрландыру процестерінің бәріне жаңа серпін берудің маңызы зор», - деп түйді Мемлекет басшысы.
