Фото: видеодан скриншот
Қаржылық мониторинг агенттігінің Астана қаласы бойынша департаменті блогерлер Ерболат Жанәбілов пен Эльмира Төлегеноваға қатысты заңсыз кәсіпкерлік және қылмыстық жолмен алынған ақша қаражатын заңдастыру фактілері бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді аяқтады, деп хабарлайды Ult.kz.
Тергеу деректеріне сәйкес, Instagram әлеуметтік желісінде 15 миллионнан астам жазылушысы бар ерлі-зайыпты блогерлер 2025 жылы онлайн-курстарды сату желеуімен заңсыз схема ұйымдастырған. Курстарды сатып алуға басты түрткі – қымбат сыйлықтар ұтысына қатысу мүмкіндігі болған.
Анықталғандай, таратылған бейнематериалдардың басым бөлігі ашық дереккөздерден, соның ішінде YouTube платформасынан алынған. Курстардың нақты білім беру құндылығы болмаған және олар заңсыз лотерея қызметін жасыру үшін пайдаланылған.
Жүлде қоры блогерлердің жеке қаражаты есебінен емес, онлайн-курстарға төлем жасаған қатысушылардың ақшасы арқылы қалыптастырылған. Сонымен қатар электронды «сәттілік барабанының» параметрлеріне өзгеріс енгізіліп, 5 000 теңгелік жүлдені ұтып алу ықтималдығы әдейі арттырылған, ал құнды сыйлықтарды алу мүмкіндігі төмендетілген.
Күдіктілер ең көп репост жасаған қатысушыға 11-автокөлік берілгені жөнінде жария түрде мәлімдегенімен, іс жүзінде жеңімпаз анықталмаған және сыйлық табысталмаған.
Тергеу нәтижесінде азаматтардан «Zhana Business» ЖШС бақылауындағы шоттарға түскен қаражаттың жалпы сомасы 247,5 млн теңгені құраған. Оның 60 млн теңгесі депозиттік шоттарға орналастырылған.
Сот санкциясымен 17 iPhone ұялы телефонына, сондай-ақ Lamborghini Urus пен Lexus LX 600 көліктерін қоса алғанда, 10 автокөлікке тыйым салынды. Күдіктілерге қатысты үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.
Қазіргі уақытта Ерболат Жанәбілов пен Эльмира Төлегенова қылмыстық іс материалдарымен танысу үстінде. ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етілмейді.
