25 мам, 2021 сағат 01:05

Бокстан Азия чемпионаты: Қазақстандық спортшының қарсыласы рингке шықпай қойды


Бокстан Азия чемпионатында бүгін алғашқы жекпе-жегін өткізген төрт қазақстандық спортшының екеуі жарысты жалғастырады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Құрлықтық додада Закир Сафиуллин (64 келі) шаршы алаң төріндегі алғашқы кездесуінде қарсыласынан басымдық танытты. Ол ирандық Ашкан Резаидың осал тұсын тапты. 

Ал Әбілхан Аманқұл (75 келі) жекпе-жек өткізбестен жарыстың келесі сатысына жолдама алды. Ол бүгін кувейттік Саид Абасс Аль-Бахранимен шеберлік байқасуы қажет болатын. Қарсыласы шаршы алаңға шығудан бас тартты. 

Қазақстандық Махмуд Сабырхан (56 келі) мен Серік Теміржанов (60 келі) қарсыластарына есе жіберіп, жарыс жолынан шығып қалды.

Еске салсақ, Азия чемпионаты Біріккен Араб әмірлігінің Дубай қаласында 24 мамырда басталып, 31 мамырға дейін жалғасады. Құрлықтық додада еліміздің жігіттер мен қыздар құрамалары бақ сынауда.