26 сәу, 2025 сағат 19:15

Бүгін елімізде жалпыұлттық сенбілік өтті

Фото: Gov.kz

Бүгін еліміздің барлық өңірлерінде жалпыұлттық сенбілік өтті, онда түрлі тазалық шаралары ұйымдастырылды, деп хабарлайды Ult.kz.

Елорда тұрғындары бұл экоакцияға ерекше белсенділікпен қатысып, қоршаған ортаны күл-қоқыстан тазартуға және қаланы көркейтуге жұмыла кірісті. Іс-шараға барлығы 100 мыңға жуық адам қатысты.

Аумақтарды тазалауға бүкіл ел бойынша мемлекеттік қызметкерлер, қала тұрғындары, кәсіпкерлер мен еріктілер шықты. Күш біріктіру нәтижесінде шамамен 16 мың тонна қоқыс жиналды.

Сондай-ақ бүгін Бүкілқазақстандық орман отырғызу күні эко-марафонның аяқталуы болды. Естеріңізге сала кетейік, тақырыптық апта 21 сәуірде "Таза Қазақстан" бастамасын іске асырудың бірінші жылының қорытындыларына арналған экофестивальден басталды.

Биылғы жылы көгалдандыру "Ерлікке тағзым" тақырыбында өтіп, Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына орайластырылды. Іс-шараға министрліктің 120-дан астам қызметкері қатысты. Олар “Жасыл аймақ” кәсіпорнының Қызылжар орманшылығының аумағында 2000-ға жуық қарапайым қарағай көшеттерін отырғызды.

Айта кетейік, эстафетаны еліміздің басқа өңірлері де қабылдады. Апта бойы "Таза Қазақстан" аясында қалалар мен ауылдарда 200-ге жуық түрлі экологиялық іс-шаралар өтті. Соның ішінде "Таза аймақ", "Таза су айдындары", "Киелі мекен", "Мөлдір бұлақ" сынды аумақтарын жинау және көшет отырғызу бойынша "Түлектердің ағаш егуі", "Болашақты бірге отырғызамыз" және т. б. акциялары.