Фото: Gov.kz
Бурабай ауданының прокуратурасы Бурабай кентіндегі Сәкен Сейфуллин атындағы орта мектепте тамақтандыруды ұйымдастыру барысында елеулі заңбұзушылықтарды анықтады, деп хабарлайды Ult.kz.
Тексеру нәтижесінде кәмелетке толмағандардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін бірқатар фактілер белгілі болды.
Прокуратура мәліметінше, конкурс жеңімпазы деп танылған жеткізуші конкурсқа қатысу кезінде өзінің біліктілігі туралы жалған мәліметтер ұсынып, нақтысында жұмыс істемейтін қызметкерлерді — аспаздар мен даяшыларды көрсеткен.
Конкурсты жеңіп алғаннан кейін жеткізуші мектептегі тамақтандыру қызметін іс жүзінде көрсетпей, өз міндеттемелерін тиісті өкілеттігі мен рұқсат құжаттары жоқ үшінші тұлғаға заңсыз түрде берген. Ал бұл тұлға жұмыстарды орындауға алкогольді шамадан тыс тұтынатын, сондай-ақ осы себептермен бұрын ата-аналық құқықтарынан айырылған адамдарды тартқан.
Сонымен қатар мектеп әкімшілігі жеткізушінің біліктілік талаптарына сәйкестігін тиісті деңгейде тексермей, оны мектептегі тамақтануды ұйымдастыруға жол берген. Бұл жағдай оқушылардың өмірі мен денсаулығына әлеуетті қауіп төндіргені атап өтілді.
Прокуратураның ұсынуы негізінде жеткізушімен жасалған шарт бұзылып, оны мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп тану туралы сотқа талап арыз берілді. Сондай-ақ мектеп директоры атқарып отырған қызметінен босатылып, конкурс комиссиясының мүшелері мен аудандық білім бөлімінің қызметкері тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
