13 сәу, 2020 сағат 11:06

Декретте отырған мемлекеттік қызметтегі әйелдерге 42500 теңгеден беріле ме?

Бала күтіміне байланысты үйде отырған аналар 42 500 теңгеден әлеуметтік төлем ала алады. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Бала күтіміне байланысты демалыста жүргендерді бөлек санатқа бөлмейміз. Олар да барлық азаматтар сияқты әлеуметтік төлемге өтініш бере алады. Бірақ декретте жүрген әйелдерге қатысты бір ерекшелік бар. Тағы да айтам, оларға 1 жылға дейін бала күтіміне байланысты жәрдемақы төленеді. Ал баласы 1 жастан асқандарға 42 500 теңге әлеуметтік төлем алуға болады. Мәселен, бір әйел компаниядан 3 жылға дейін ақысыз демалыста жүр. Осыған байланысты біз сіздерге өзін-өзі жұмыспен қамтығандар ретінде бір рет бірыңғай жиынтық төлемін жасауға рұқсат береміз», - деді ол. 

Оның айтуынша, министрлік декреттегі әйелдің ресми не бейресми жұмыс істегендігін дәлелдей алмайды. 

«Сондықтан баласы 1 жастан асқан декреттегі әйелдер үйде тігіншілікпен, тағам пісіріп сатумен айналысса, бірақ, еш жерде тіркелмесе, онда БЖТ төлеп, өзін-өзі жұмыспен қамтыған деп белгі қою арқылы өтініш бере алады. Біз әлеуметтік төлем төлейміз. Тексергенде 1 жастан асқан баласының бар-жоғын ғана қараймыз», - деді министр. 

Біржан Нұрымбетов бұдан бөлек, қазіргі уақытта бала күтімімен үйде отырған мемлекеттік қызметте істейтін әйелдерге 42500 теңгеден төлеу мәселесі қарастырылып жатқанын айтты. 

«Төтенше жағдайға байланысты мемлекеттік органдардың, қызметтердің жұмысы шектелген. Сондықтан біріншіден, Президенттің тапсырмасы бойынша 80, тіпті 100 пайызға дейін қашықтан жұмыс істеп жатыр. Екіншіден, декретте отырған аналар БЖТ төлей алмайды. Себебі мемлекеттік қызметкерлер кәсіпкерлікпен айналыса алмайды, заңмен тыйым салынған. Мұндай жағдайда декретте отырған мемлекеттік қызметшілер қайтадан жұмысқа шыға аласыздар. Яғни, мемлекеттік орган сізді қайтадан қашықтан жұмыс істеуге алып, жалақы төлесін. Басқа жағдайларда біз барлық мемлекеттік органдарға «бала күтіміне байланысты үйде отырған әйелдердің жағдайын шешіңіздер» деп хат жолдадық», - деді министр.