
Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Халық Коммунистері» фракциясы әлеуметтік қызметкерлер еңбекақысын көтеруге қатысты ұсыныс жасады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Біздіңше, Үкімет тарапынан халыққа қызмет көрсету орталықтары жұмысына көбірек көңіл бөлу керек. Осы орталықтар қызметкерлері үшін әлеуметтік ынталандыруға ерекше назар аудару қажет», - деп тоқталды Мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамов Үкімет басшысы Асқар Маминнің атына жолдаған депутаттық сауалында.
Осы орайда ол аталған орталықтар қызметкерлерінің еңбекақысы тиісті деңгейде емес екенін әрі әлеуметтік пакет мәселесіне екпін қою керектігін жеткізді.
«Қызметкерлердің коронавирус немесе вирусты пневмонияға шалдығуы қаупі өте жоғары, олар тұрғындармен тікелей байланыста жұмыс істеуде. Сонымен қатар халыққа қызмет көрсету орталықтары қызметкерлерінің мәртебесін айқындауды ұсынамыз. Олар мемлекенттік және азаматтық қызметшілер санатына жатпайды», - деді депутат.
Бұдан бөлек ол қарттар үйі, балалар үйі секілді әлеуметтік мекемелер қызметкерлері, бейімдеу орталықтары мамандары маңызды қызмет атқарып жатқанын атап өтті.
«Төмен еңбекақы мен әлеуметтік ынталандырудың болмауы осы мекемелердегі жұмыс жас мамандар үшін тартымсыз. Бұл өз кезегінде кадрлар тапшылығы проблемасына алып келуде. Осы мекемелердің әлеуметтік әрі медициналық қызметкерлері еңбекақыны көтеретін кезде ұмыт қалады», - деді М. Магеррамов
Бұл тұрғыда депутат аталған мекемелерде жұмыс істеп жүрген барлық қызметкерлер үшін лайықты жұмыс жағдайын жасауға қатысты ұсыныс енгізді.
