
Төтенше жағдай кезінде қазақстандықтар 8,2 миллионнан астам мемлекеттік қызмет түрін алды. Оның ішінде Электрондық цифрлық қолтаңбаны онлайн алу және 42500 теңге жәрдемақы алуға өтінім беру неғұрлым сұранысқа ие болды. Бұл туралы «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ хабарлады.
Дегенмен, сұранысқа ие болып отырған өзге де бірқатар мемлекеттік қызмет түрлері бар.
«Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ төтенше жағдай кезінде қазақстандықтардың сұранысына ең көп ие болған мемқызметтерге және оларды қалай алуға болатыны туралы мәлімет ұсынды.
Атап айтқанда, Қазақстан Республикасының аумағындағы жылжымайтын мүлік объектілерінің мекенжайларын анықтау бойынша 130 мыңнан астам анықтама алынған.
Қызметті алу үшін Egov.kz порталында авторизациядан өтіп, онлайн режимінде қызметке тапсырыс беру керек. Содан кейін өтінімді толтырып, жіберу қажет. Кейін «Қызметтерді алу тарихы» бөліміндегі дайын анықтаманы оқуға болады.
Екінші орында базалық зейнетақы төлемінің мөлшері туралы ақпарат алу қызметі тұр.Төтенше жағдай енгізілгелі шамамен 105 мың анықтама берілген.
Базалық зейнетақы мөлшерін есептеу қызметіне eGov.kz порталының басты бетінде тапсырыс беруге болады. Ол үшін кез келген ыңғайлы әдіспен (логин / пароль, ЭЦҚ, SMS паролі арқылы) авторизациядан өту қажет, 3 қарапайым қадамнан өтіп, анықтаманы ала аласыз. Дайын анықтама Жеке кабинеттің «Қызметтерді алу тарихы» бөлімінде тұрады.
Жылжымайтын мүліктің болуы/болмауы туралы анықтаманы 90 мыңнан астам адам алған.
Бұл қызметті eGov.kz порталынан онлайн режимінде ала аласыз. Ол үшін авторизациядан өтіп, қызметке тапсырыс беру керек. Одан кейін өтінімді толтырып, оған екі әдіспен ЭЦҚ немесе SMS паролі арқылы қол қоюыңыз керек. Екінші әдіс үшін Мобильді азаматтар базасында тіркелу қажет. Содан кейін 20 минут ішінде порталдың жеке кабинетінде дайын анықтама көрінеді.
Өтініш берушінің атаулы әлеуметтік көмек алушыларға жататындығын растайтын анықтамашамамен 71,5 мың рет берілген.
Бұл анықтаманы алу үшін Электрондық үкімет порталында авторизациядан өту қажет. Содан кейін өтінімді толтырып, оған ЭЦҚ қою керек. Пайдаланушының Жеке кабинетіне кіріп, анықтаманы көре аласыз («Қызметтерді алу тарихы» бөлімінде).
Зейнетақы жинақтарының жай-күйі бойынша анықтама 70 мыңнан астам рет берілген.
Egov.kz порталында жинақталған зейнетақы қаражатының санын «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының салымшысының (алушының) зейнетақы жинақтарының жай-күйі (инвестициялық кірістерді қоса алғанда) туралы ақпарат беру» қызметін пайдалану арқылы тексеруге болады. Ол үшін Порталға кіріп авторизациядан өту қажет, содан кейін өтінімді толтырып,оған ЭЦҚ қол қою қажет. Бірнеше минуттан кейін Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан жиналған қаражаттың мөлшері туралы ақпарат шығады.
Электрондық үкімет порталында мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің 80 пайызы автоматтандырылғаны туралы естеріңізге сала кетейік. Оларды eGov.kz порталынан, eGovMobile мобильді қосымшасынан және Telegram, Facebook және ВКонтакте мессенджерлеріндегі чат-боттардан да алуға болады.
