18 нау, 2024 сағат 21:05

Экономикада төрт инфрақұрылымдық бастаманы жүзеге асыру керек – спикер


Фото: Спикердің жеке архивінен


Атырауда III Ұлттық құрылтай өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты жиынға барлық өңірден келген құрылтай мүшелері қатысты. Ult.kz порталына Экономикалық зерттеулер институты Аймақтық зерттеулер орталығының жетекші сарапшысы Шынар Пазылбекқызы құрылтайда көтерілген мәселелерді айтып берді.


Спикердің айтуынша, құрылтайдың Атырау қаласында өтуінің де тарихи маңызы зор көрінеді.


«Жалпы Ұлттық құрылтай биыл үшінші рет өтіп отыр. Әрине, бұл үлкен тарихи маңызы зор оқиға. Осы үшінші рет биыл Атырау қаласы Ұлттық құрылтай өтетін орын ретінде алынды. Бұл Жайықтың жағасында кезінде еліміздің тарихында үлкен маңызды  әрі әлеуметтік-экономикалық рөл атқарған Сарайшық қаласының орны деп Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтай барысында атап өткен болатын. Мемлекет басшысының айтуынша, Құрылтайдың да Атырау қаласында өтуі жай емес», – дейді Шынар Пазылбекқызы.


Оның сөзінше, Құрылтайда көптеген мәселе қаралған. Ұлт ретінде біздің мәдениетіміз, дініміз, тіліміз, қазіргі жастардың арасында кездесетін проблемалар, отбасындағы зорлық-зомбылық мәселесі сияқты мәселелер жан-жақты көтерілген. Сонымен қатар, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев экономика мәселесі бойынша төрт инфрақұрылымдық бастаманы жүзеге асыруды тапсырды.


«Біріншіден, инженерлік инфрақұрылымды жаңарту, оның ішінде жылу орталығын жөндеуден өткізу, инженерлік жүйені жаңғырту, коммуналдық қызметтің жалпы сапасын көтеру сияқты мәселелер.
Екінші – бізде халықтың тұрмыс жағдайын жақсартуда үлкен рөл атқаратын баспана мәселесі. Яғни бұл жерде халықтың барлық әлеуметтік осал топтары да осы баспана мәселесінен қалыс қалмауы үшін несие өсімін 7 пайыздан аспауы қажет екенін тапсырды. Бұл әрине халықтың тұрмыс жағдайының жақсаруына әсер ететін бірден бір мәселе – баспанамен қамту. Соның ішінде тағы бір айта кететін мәселе, баспана мәселесі бойынша, аудан мен ауыл тұрғындарына жаңа тұрғын үй бағдарламасын қолға алу керек деді. Әрине, бұл өңірлердің дамуындағы, оның ішінде ол аудан орталықтары мен кішігірім елді мекендердің дамуында, оларда халықтың жағдайының жақсаруына әсер ететін нәрсе, олардың да баспанамен қамтамасыз етілуі.
Үшінші – жол салу және жөндеу жұмыстары. Өңірлердің арасында, жалпы елді мекендердің арасында көлікпен қатынаудың едеуір жеңілдеуіне әсер ететін бағыт. Бұл 12 мың шақырым автокөлік жолын қамтиды деп Президент атап өтті.
Төртінші – газ тарту мәселесі. Бұл мәселе де біздің өңірлер мен елді мекендер экономикасында үлкен рөл атқаратын мәселе. Газ тартылған елді мекендердің санын барынша арттырып, 1700 шақырым газ желісін жаңғыртуға тиіс деп тапсырма берді. Яғни бұл 300 мың адамның газбен қамтамасыз етуіне мүмкіндік береді екен. Сондықтан осы төрт инфрақұрылымды негізгі әлеуметтік-экономикалық бағыттағы жалпы өңірлердің экономикалық жағдайын жақсартудағы басты мәселелер болып отыр», – дейді Экономикалық зерттеулер институты Аймақтық зерттеулер орталығының жетекші сарапшысы Шынар Пазылбекқызы.


Сонымен қатар, Президенттің экономика саласында қойған тағы бір мәселесі – кәсіпкерлікті дамыту. Яғни кәсіпкерлік саласында кәсіпкердің ұлты емес, оның азаматтық сана-сезімінің қалыптасуы кәсіпкерліктің дамуына, кәсіпкерлердің ел экономикасын, әлеуметтік жағдайын дамытуға қосар үлесі зор екенін атап өтті.