25 қаң, 2017 сағат 10:01

ЭКСПО көрмесiне Леонардо Ди Каприо келеді

- Голливуд актері, БҰҰ-ның климат проблемалары жөніндегі бейбітшілік елшісі, «Оскар» сыйлығының лауреаты Леонардо ди Каприо Қазақстан Үкіметі мен Жолбарыстардың популяциясын қайта қалпына келтіру жөніндегі жабайы табиғат қоры арасындағы келісімге қол қою рәсіміне қатысады.

Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте «Жасыл экономиканы қолдау және G-Global-ды дамыту коалициясы» заңды тұлғалар бірлестігінің басқарма төрайымы Салтанат Рахымбекова мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Оның атап өтуінше, коалиция «Жасыл көпір» серіктестік бағдарламасы аясында үлкен келісімді жүзеге асыруға кірісті. Бұл келісім елімізде 30-40 жыл жұмыс істеп, Іле-Балқаш өңіріндегі экожүйені, жолбарыстардың популяциясын қайта қалпына келтіру бағытын жандандыруы тиіс.

«Біз Жабайы табиғат қорымен бірлесіп, біздің Үкімет пен қор арасында аталған жобаға 10 млн. еуро қаржы тарту туралы үлкен келісім дайындап жатырмыз. Бұл келісімге 2017 жылдың 8-9 қыркүйегінде, яғни ЭКСПО көрмесінің жабылуы кезінде қол қойылады. Жабайы табиғат қоры атынан Нидерланды ханшайымы Лаурентин келеді. Ол Нидерландының Климаттың өзгеруі жөніндегі қорына басшылық жасайды. БҰҰ-ның климаттың өзгеруі жөніндегі елшісі, WWF-тің  жолбарыс бағдарламасының елшісі Леонардо ди Каприо да келмек. Мұнан бөлек, танымал ғарышкерлер де болады», - деді ол.

Рахымбекованың атап өтуінше, қазіргі уақытта министрліктермен және «Астана ЭКСПО-2017» компаниясымен бірге аталған шара өтетін аймақты белгілеу мәселелері талқылану үстінде.

«Сондықтан біздің осыдан екі жыл бұрынғы климаттың өзгеруі жөніндегі бірінші әрі жалғыз елші Ди Каприоны Қазақстанға шақыру бастамамыз жүзеге асатын сияқты. Өйткені, Жабайы табиғат қоры бұл сапардың барлық қаржылық шығындарын өз мойнына алады», - деді ол.