19 мау, 2020 сағат 10:08

Елбасының атына Түркия Президентінен жеделхат келіп түсті

Нұрсұлтан Назарбаевтың атына Түркия Республикасының Президенті Режеп Тайип Ердоғаннан жеделхат келіп түсті. Бұл туралы elbasy.kz сайтында хабарланды.

Режеп Тайип Ердоған Қазақстанның Тұңғыш Президентіне тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдірді.

«Сырқаттанып қалғаныңызды өкінішпен естідім. Алладан шипа беруін тілеймін. Үнемі жеңіспен еңсерген күрестердегі сынды бұл сынақты да жігеріңізбен артқа тастайтыныңызға кәміл сенемін.

Қандай да бір қажеттілік туындаған жағдайда қолымыздағы барлық мүмкіндігімізбен жаныңызда екенімізді жеткізгім келеді.

Сізге деген терең құрмет пен сүйіспеншілік сезімімен жеке өзім және барша түрік халқы атынан тезірек сауығып кетуіңізді шын жүректен тілеймін», - делінген жеделхатта.