14 мам, 2026 сағат 11:44

Елде жаңа марапат: «Әл-Фараби», «Ясауи», «Мейірім» ордендері енгізіледі


Фото: akorda.kz


Қазақстанда үш жаңа мемлекеттік орден пайда болады. Сенат депутаттары мемлекеттік наградалар туралы заңға енгізілген өзгерістерді мақұлдады, деп хабарлайды Ult.kz.


Жаңа марапаттар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тапсырмасы аясында әзірленген. Бұл бастама Ұлттық құрылтай отырысында көтерілген болатын.


Заңға сәйкес, елде келесі ордендер енгізіледі:


"Әл-Фараби" ордені – білім, ғылым, мәдениет және рухани даму саласында ерекше жетістікке жеткен азаматтарға беріледі.
"Қожа Ахмет Ясауи" ордені – мемлекетшілдікті нығайтуға, сондай-ақ қоғамдық-саяси және мәдени-гуманитарлық бағыттардың дамуына үлес қосқан отандық және шетелдік ғалымдар мен қоғам қайраткерлеріне табысталады.
"Мейірім" ордені – қайырымдылық, меценаттық және филантропиялық қызметімен ерекшеленген азаматтарға арналған.



Сонымен қатар, заңнамаға бір адамға бірдей құрметті атақты қайта беруге тыйым салатын норма енгізілді.


Айта кетейік, бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ғалымдармен кездесу барысында «Әл-Фараби» орденін енгізуді ұсынған еді.


Жаңа мемлекеттік марапаттар биыл алғаш рет Республика күні қарсаңында табысталмақ.