Фото: Instagram/wtafinalsriyadh
Эр-Риядта өткен WTA қорытынды турнирінде жеңіске жеткен Елена Рыбакина әйелдер спортындағы ең ірі гонорардың иегері атанды. Финалда ол әлемнің бірінші ракеткасы Арина Соболенконы 6:3, 7:6 (7:0) есебімен ұтып, тарихи жетістікке қол жеткізді, деп хабарлайды Ult.kz.
BBC мәліметінше, 26 жастағы қазақстандық теннисші турнир жеңісі үшін 5,235 миллион доллар алды – бұл әйелдер спорт тарихындағы ең жоғары жекелеген төлем.
Бұл — Рыбакинаның 2022 жылғы Уимблдондағы жеңісінен бергі ең ірі табысы. Ол кезде финалда туннистік Онс Жаберді жеңіп, «Үлкен шлем» турнирін ұтқан алғашқы қазақстандық спортшы ретінде тарихқа енген.
Салыстыру үшін, биылғы US Open-2025 турнирінің чемпионы Арина Соболенко 5 миллион доллар алған еді. WTA финалында екінші орын үшін де қомақты сыйақы берілді — Соболенко 2,6 миллион доллар табыс тапты.
Осылайша Рыбакинаның карьералық жалпы табысы 24 миллион доллардан асты. Ал Соболенконың жиналған жүлде қоры 44 миллион доллардан жоғары.
Бұған қоса, теннис әлемінде тағы бір ірі жаңалық тіркелді: сербиялық Новак Джокович Афинадағы турнирде жеңіске жетіп, өміріндегі 101-ші титулын иеленді. Ол Рафаэль Надальдың (92) көрсеткішінен әлдеқашан асып түскен, алайда Роджер Федерердің 103 титулы әлі де рекорд болып тұр.
Айта кетейік, бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Елена Рыбакинаға жеңісімен арнайы құттықтау жолдаған болатын.
