27 нау, 2023 сағат 16:19

Елена Рыбакина қазақстандық жас теннисшілерге 2,5 млн теңгеден берді

Фото: ҚТФ баспасөз қызметі

Қазақстан әйелдер құрамасының көшбасшысы Елена Рыбакина 2022 жылғы Уимблдон турниріндегі жеңісінен кейін сыйақы қаржысының бір бөлігін қайырымдылыққа және Қазақстандағы жастарды қолдауға жұмсайтынына уәде берген еді. 

«Таяуда Елена Астанада қаңғыбас жануарларды құтқарумен айналысатын «СтопОтлов» еріктілер қозғалысына қаржы аударды. 

Сондай-ақ жуырда Қазақстанның бірінші ракеткасы жас теннисшілердің болашақта өзі сияқты топ-ойыншы болуы үшін қарқынды дамуына қаржы бөлді. Рыбакина кімге қолдау көрсету керектігін өзі таңдады. 14 ойыншы 2,5 млн теңгеден алды. Линара Бөлешева, Полина Барабанова, Әмина Нұрмахан, Ариана Гогулина, Сәтима Төреген, Ева Корышева, Альбина Кәкенова, Асылжан Арыстанбекова, Дана Байдәулет, Іңкәр Дүйсебай, Айя Нұпбай, Полина Слепцова, Сандуғаш Кенжебаева, Зара Дәркен», - делінген Қазақстан теннис федерациясының хабарламасында.

Қазақстандық және халықаралық ареналарда жеңіске жете бастаған қыздардың әрқайсысы өзінің теннистегі тарихын айтып, Еленаға хат жазған. Бастапқыда Еленадан бөлінген қаржы аздау еді, кейін Уимблдон жеңімпазы грант саны мен көлемін көбейтті. 

«Турнир ұйымдастыру немесе жас ойыншылар үшін грант белгілеу дұрыс бола ма деп ойлаймын, өйткені өзім де кезінде Қазақстаннан үлкен қолдау алдым. Енді жас ұрпақтың дамуына менің көмек көрсететін кезегім келді», - деген еді Рыбакина Уимблдондағы жеңісінен кейін.