
Қарағанды облысындағы ескі көліктерді жоятын зауыт жыл басынан бері 7 мыңға жуық тозығы жеткен машинаны утилизациялаған, деп хабарлайды Хабар 24.
Қазір жұмыс қарқын алып, үш ауысымда, яғни, тәулік бойы жүргізіледі. Сәйкесінше, 24 сағатта 150-200 көлік жойылады.
Зауыт қызмет еткен 3 жылда 120 мың ескі техниканың көзі жойылған. «Бұл экологиялық ахуалға оң әсерін тигізді», - дейді мамандар. Ірі зауыттың бой көтеруі нәтижесінде бірқатар шағын кәсіпорын шикізатпен қамтылып, ісін жүргізіп отыр.
Зауыттың жылдық қуаты 50 мың көлікті еңсеруге жетеді. «Қазақстан нарығында тозығы жеткен темір тұлпарлар жеткілікті болғандықтан, шикізат тапшылығы алдағы уақытта болмайды», - дейді кәсіпорынның қаржы директоры. Бұл тұрақты жұмыспен қамтылған 107 адамның жалақысы нарық талабына сай өсіп отырады деген сөз.
«Көлікті әкеп тапсырғандар 150 мың теңге, ал, жаңа Қазақстанда шығарылған көлік алатындар 300 мың теңге көлемінде сертификат алады. Тіпті жүрмей тұрған көліктерді де басқаша бағалап қабылдай береміз», - деді зауыттың қаржы директоры Иосифжан Сұранқулов.
Атап өткен жөн, аталмыш зауыт Қарағанды облысының еркін экономикалық аймағында 2017 жылы бой көтерген. Сәйкесінше, кәсіпорынның тиімділігі ескеріліп, барлық салықтардан босатылған. «Бұл мемлекет тарапынан зор қолдаудың белгісі», - дейді зауыттың қаржы жөніндегі басшысы.
